Е.Айтаханов «High Vill Kazakhstan» компаниясының президентін қабылдады
Е.Айтаханов «High Vill Kazakhstan» компаниясының президентін қабылдады
Бүгін Шымкент қаласының әкімі «High Vill Kazakhstan» компаниясының президенті Ко Денг Хенді қабылдады. Басқосуда тараптар «Shymkent City» тұрғын үй кешені жайында сөз қозғады.
Кездесуде қала әкімі Е. Айтаханов Шымкенттің дамуы басты назарда екенін, қала орталығын ерекше үлгіде қалыптастыруды көздеп отырғанын жеткізді.
«Шымкент мегаполис қала аталғалы шаһардың дамуы ерекше қарқынмен жүретіні сөзсіз. Біз салынып жатқан нысандардың сапасына ғана емес оның қасбетіне де мән беруіміз қажет. Осы орайда «High Vill Kazakhstan» компаниясына үлкен сенім білдіремін» — деді Ерлан Қуанышұлы.
Іргелі компания жалпы 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Оған 1 млрд 350 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған. Ал салынатын үйлердегі жалпы пәтер саны — 7100. Жаңа жоба «Shymkent City»-дің жаңа келбетіне көрік беретін болады. Әлемге танымал компания алдымен 1,3 га жер теліміне 10 үйді (224 пәтер, жалпы ауданы — 21 543,7 ш.м.) салады. Қазіргі таңда үйлердің жер қазу жұмыстары басталып кетті.
«Болашақта белді компания қаламызда тек тұрғын үй кешендерін ғана емес сонымен қатар, аурухана, емхана, мектеп сынды нысандарды салу үшін билік тарапынан барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Себебі, біздің басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру», деді кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі