ШЫМКЕНТТЕ ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР ЕРЕКШЕ ДАСТАРХАН ЖАЙДЫ
ШЫМКЕНТТЕ ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР ЕРЕКШЕ ДАСТАРХАН ЖАЙДЫ
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен әдеп-ғұрып және салт дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» көрме-фестивалінде 11 этно-мәдени бірлестік өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледі. Жайылған дастархан мерекеге жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.
Көрме-фестиваль аясында көпшілік бауырсақ пісіру мен таба нан жабудың тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту секілді қазақтың ұлттық ойын
түрлері мен этно-мәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Мұндағы мақсат – ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарымызды жаңғырту. Қазақтың ас мәзіріндегі ұлттық тағамдардың сан алуандылығын жұртшылыққа паш ету.
«Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған көрме-фестивальге қалалық мәслихаттағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, діни конфессия өкілдері, қалалық ассамблея жанындағы құрылымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері қатысты.
Айта кетейік, «Қазақ дастарханы» фестивалі өңіріміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылдары өңірдегі этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамы ет асудан және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен болатын.