Түркістан қаласында «АНА мен БАЛА»атты аймақтық ғылыми-білім форумы өтті.
Қазақстанның барлық аймағынан жиналған акушер-гинекологтар бұл форумда ғылыми жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Дәрігерлердің негізгі мақсаты ана мен бала өлімінің жолын кесіп, репродуктивті денсаулықты нығайтуға бағытталған. Өйткені, дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің өмір бастауында дәл осы дәрігерлердің қызметі аса маңызды. Форумға қатысқан Ұлттық акушер-гинеколог дәрігерлері қауымдастығының төрайымы, профессор Каюпова Нина Әмір қызының айтуынша, бала туылу көрсеткіші бойынша Түркістан облысының орны бөлек. Өйткені, халық көп шоғырланған аймақ жаңа туылған нәресте саны бойынша да жоғарғы көрсеткішке ие. Демографиялық ахуалды көтеруде Алматы, Атырау,Жамбыл, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы да алдыңғы қатарда келеді. Қуантарлығы, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Өлім-жітімнің алдын алу мақсатында үздіксіз сараптамалар жүргізіліп, жүктілік пен босанудың қауіпсіз технологиялары жетілдірілуде. Форумда айтылған мәліметке сүйенсек, республика көлемінде бес мыңға жуық акушер-гинеколог бар. Кадр жетіспеушілігі байқалады. Өз кезегінде, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мемлекет тарапынан медицина саласын дамытуға үлкен назар бөлініп жатқандығын атап өтті. Облыста жаңа нысандар салынып, халықтың денсаулығын жақсарту тұрғысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ ұйымдастырған жиынға, сонымен қатар, неонатологтар, медициналық генетиктер, анестезиолог-реаниматологтар, зерттеудің функционалдық әдістерінің мамандары (УДЗ, КТГ), еліміздің акушерлері мен медбикелері қатысты.
Түркістан облысы бойынша Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі