Жұмаханбетов халыққа есеп берді
/сурет «Otyrar TV» сайтынан алынды /
Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Е.М. Жумаханбетов құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес және ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша халыққа есеп берді.
Есептік кездесуге қоғам өкілдері, ІІО зейнеткерлері, қала тұрғындары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Е.М. Жумаханбетов Шымкент қаласындағы жалпы криминогендік жағдайға және ағымдағы кезеңнің жедел-қызметтік жұмысы нәтижелеріне тоқталып, барлық қылмыс түрлерінің ашылуы жоғарылағанын атап өтті.
Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағында 2019 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша жалпы қылмыстардың өткен жылға салыстырғанда -12,5 % төмендегенін байқауға болады. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 46-дан 28-ге төмендеп, түсу көрсеткіші -39,1 % құрап отыр, адам өлтіру фактісі 21-ден 10-ға төмендеп көрсеткіш -52 %-ға түсіп отыр, денеге ауыр жарақат салу 43-тен 34-ке азайып көрсеткіш -21%-ға төмендеді. Қарақшылық қылмысы 20-дан 14-ке кеміп, көрсеткіш -30%-ды құрайды.
Сонымен қатар 8 айлық көрсеткіш бойынша қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар да төмендеп отыр. Атап айтқанда көбіне көшелерде орын алатын қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда -5 %-ға кеміп отыр. Қоғамдық орындар мен көшелердегі жол-көлік апатын алдын алу мақсатында, әсіресе кептеліс орын алатын көше қиылыстарында 2 қызметкерден таңғы сағат 07:30-дан 09:30-ға дейін, түскі 12:30-дан 14:30-ға дейін, кешкі сағат 17:30-дан 19:30-ға дейін кезекшілік атқаруда. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде 8 айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болғандардың саны -14,6%-ға, оның ішінде жасөспірімдердің қатысуысмен қаза болғандардың саны -31%-ға төмендеген.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен есептік кездесу барысында қаланың қауіпсіздігін сақтауға және қылмыстың ашылуына өз септігін тигізген қала тұрғындары алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ Полиция департаментінің бастығы қала тұрғындарын одан әрі қылмысты жедел ашуға және құқықбұзушылықтың алдын алуды жақсарту үшін полициямен өзара тығыз байланыста болуға шақырды. Осы орайда айта кететін жайт Шымкент қаласындағы «Silk Way»Халықаралық университетінің 3 және 4-ші курс студенттері Шымкент қаласы Полиция департаментіне ерікті түрде бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіріп, олар қоғамдық көмекшілер (ерікті волонтерлер) ретінде қабылданды.
Қазіргі таңда олар белсенділік танытып, құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде, сондай-ақ тәртіп сақшыларымен бірге рейдтік іс-шараларға қатысуда.
Сұрақтардың басым бөлігі алаяқтық жайттары, аула, көше қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пәтер және ұялы телефон ұрлығын ашу бойынша тергеу жұмыстарына қатысты қойылды, сонымен қатар азаматтар Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығына және жалпы Полиция департаментінің жеке құрамына алғыстарын білдірді.
Полиция департаментінің бастығы барлық сұрақтарға толық жауап беріп, тұрғындар тарапынан қабылданған ұсыныстар мен тілектер ескеріліп, назарға алынды.
Шымкент қ. ПД-нің Баспасөз қызметі