ШЫМКЕНТ: СЕССИЯДА 8 БАСҚАРМАНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
Шымкент қаласы мәслихатының кезекті елу алтыншы сессиясы өтті. Қала әкімі Ерлан Айтаханов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев қатысқан сессияның күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды.
Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, энергетика және коммуналдық шаруашылық, туризм, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының есебі тыңдалды. Мәслихаттың тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі талқыланған басқармалардың есебі депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Одан бөлек, жиында қала әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің, Шымкент қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясының құрамы бекітілді.
Сондай-ақ, сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласы мәслихатының 21 округінен сайланған депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев 21 округтен сайланған депутат Марат Тамабаев денсаулығына байланысты өз өкілеттігін мерзімін бұрын тоқтату туралы өтініш бергені жөнінде баяндама жасады. Бұл мәселе де депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов тұрақты комиссиялардың жұмысына оң баға бере отырып, қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша маңызды жобалар қолға алынып отырғанын атап өтті.