ТҮРКІСТАН: «ЖӘРДЕМ» МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗЫНА КЕЛІҢІЗ
Пойыз 24 желтоқсанға дейін Қазақстанның оңтүстік-батысын аралайтын болады. Бұл – Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағын қамтуға бағытталған қосымша медициналық пойыз. Пойыз жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 127,6 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекованың мәліметінше, биылғы жылдың 29 сәуірінде жолға шыққан «Денсаулық» медициналық эшалоны да 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін өз жұмысын жалғастыра береді. Бүгінге дейін жеті облысты аралап үлгерген пойыз қызметінен 15 мыңдай жергілікті тұрғын қажетті кеңес алып, тегін ем-дом қабылдаған.
Игі шара, елімізде 2010 жылдан бері аймақтардағы шалғай елдімекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келеді. Бүгінде диагностикалық және емдік құралдармен жабдықталған және түрлі саладағы дәрігерлер тобымен жасақталған арнайы теміржол құрамдары аудан,қала аумағынан шалғайда орналасқан елдімекен тұрғындарын қамтуда. Пойыздың жұмыс режимі дәрігерлердің тұрғындарды күнұзақ қабылдауына қарай құрылған. Диагностика және емдеу шаралары тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, елді мекен тұрғындарына 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және оның негізгі қызметі туралы ақпарат берілуде.
Медициналық пойыздар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ортақ жобасы.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі