Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдерінің парламентшілерімен бірқатар кездесулер өткізді
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдерінің парламентшілерімен бірқатар кездесулер өткізді
Бүгін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі аясында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен, Абдуллах Әл-Шейхпен, Оман аш-Шура Меджлисінің Спикері Халид Әл-Мауалимен кездесті. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебелі мейманға Еуразия елдері спикерлерінің кеңесіне қатысқаны үшін алғыс білдірді.
«Тәуелсіздік жылдары Кореямен ең жылы қарым-қатынас орнатуға тырыстым. Бізде экономикалық ынтымақтастықтың үлкен бағдарламасы бар. Қазақстанда 100 мың кәріс ұлты тұрады. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы алтын көпір. Біз экономикалық және саяси ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз », — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы диалог орнату үдерісіне қолдау білдірді.
Өз кезегінде Мун Хи Сан Еуразия елдері спикерлері кеңесінің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Әлем халқының 75 пайызы Еуразия құрлығында тұрады. Әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы Еуразияға тиесілі. Өздеріңіз білетіндей, Еуразияның ең шығыс шеті – ол Корея Республикасы. Қазақстан осы континенттің қақ ортасында. Біздің алғашқы отырысқа 19 мемлекет, екіншісіне — 27, үшінші — 39 мемлекет қатысты. Бүгінгі басқосуға 55-тен астам мемлекет қатысуда. Бұл жетістік – Сіздің еңбегіңіз», — деді Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері.
Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің Спикері Абдуллах Әл-Шейхпен кездесу барысында Елбасы Абдуллах Әл-Шейхке сапармен келгені үшін және Еуразия елдері спикерлерінің кеңесіне қатысқаны үшін алғысын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатын атап өтті.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Сауд Арабиясының басшылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге белсенді қолдау көрсеткенін еске салды.
«Біз Сауд Арабиясына зор құрметпен қараймыз. Тәуелсіздік алған тұста сіздің еліңіз үлкен қолдау көрсетті. Бұл біздің есімізде », — деді Елбасы.
Оман аш-Шура Меджлисінің Спикері Халид Әл-Мауалимен кездесу барысында Елбасы Қазақстанның Оманмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
«Біз екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Логистиканың жоқтығынан бізде сауда көлемі төмен. Қазір біз Каспийден Иранға апаратын теміржол салдық. Енді тауарларды тасымалдауға мүмкіндік бар. Біз мемлекеттеріміз арасындағы сауданы дамытуымыз керек », — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.