«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ТҮРКІСТАНҒА БІРНЕШЕ НЫСАНДЫ ТАРТУ ЕТЕДІ
Бүгінде облыс әкімдіктері мен еліміздің ірі компаниялары Түркістан қаласын түлету жолында күндіз-түні еңбек етуде. Солардың бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Аталған компания киелі шаһарда 5 ғимараттың құрылысын жүргізуде. Осыған орай, Түркістанға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов арнайы келіп, құрылыс барысымен танысты.
Мәселен, 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған оқушылар сарайының талапқа сай болуы – басты назарда. Бұл нысанның құрылысына 100 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге әл-ауқат қоры 7000 орынға шақталған орталық стадионға да жауапты. Стадионның аумағы – 8,3 га. УЕФА талаптарына жауап беретін нысан келер жылы ел игіліне тапсырылады.
Облыс орталығында бой көтеріп жатқан ғимараттарды аралаған Ахметжан Есімов конгресс-холл мен амфитеатр және Қ.А.Ясауи музейінің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Аумағы 3200 шаршы метр болатын музейді «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис-А» компаниясы жүргізуде. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жалпы биыл наурыз айында құрылысы басталған нысандар 2020 жылы салынып, салтанатты ашылу рәсімі өтеді деп жоспарланған. Ахметжан Есімов құрылысшылар мен басшыларына ғимараттарды сапалы әрі уақтылы елге тапсыру керектігін айтты. Алдағы уақытта да бұл нысандардың құрылысы қадағалауда болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі