Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған концертке барды
– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра мерекесі жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құрметін арттыратынына сенім білдірді.
– «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы екенін атап өтті. Сондықтан, бұл ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырды.
– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болатынын айтты.
«Қазақ елі» монументі алаңында өткен ұлттық руханиятымызды дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір оркестрдей домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.