Шымкентте қылмыстық топ таныстары мен туыстарын 340 миллион теңгеге сан соқтырған
Шымкентте қылмыстық топ таныстары мен туыстарын 340 миллион теңгеге сан соқтырған
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллион теңгеге сан соқтырған қылмыстық топ сотталды, — деп хабарлады Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент полициясына ұқсас мазмұнды арыз-шағыммен 235 адам жүгінген.
«Олар жалған тендрмен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Жәбірленушілердің сөзінше, өз таныстары «тендрмен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен. Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12 пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, күдіктілер қоңырауға жауап бермей, «ізін суытқан», — делінген хабарламада.
Нәтижесінде несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан. 11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.
Аталған жайтты тергеушілер ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеді.
«Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23-43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар. Олардың әрқайсының өз міндеттері болған: кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан. Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 миллион теңгеге дейін қарыз алған», — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.
Д. Шәріпхан
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/88489/