Түркістан облысында әкімнің орынбасары анасының атына 370 га жер рәсімдеген
Түркістан облысында әкімнің орынбасары анасының атына 370 га жер рәсімдеген
Түркістанда қазір жер жоқ
Түркістан облысында әкім анасының атына 370 га жер рәсімдеген. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде айтылды, деп хабарлады Qaz365.kz.
«Бұған дейінгі кездесулерде де жер мәселесі туралы айтқан болатынмын. Кәсіптік мақсаттағы бірнеше жерлер алдымен бау-бақша мақсатына беріледі, кейін арада бір ай, екі ай, бір жыл өткенде, мақсаты өзгертіліп, басқа біреулерге сатылып жатыр. Түркістанда қазір жер жоқ. «Кезекте тұрмыз» деп жатқандарға жер қай жақтан беріледі, түсінбеймін. Сауран ауданында да дәл осындай жағдай. Жайылымдық жер жоқ. Барлығы жекеменшікке өтіп кеткен. Қай жердегі жер болса да, алдымен бау-бақша мақсатына алынады, кейін мақсаты өзгертіліп, жекеменшікке өтіп кетеді. Жалпы, Түркістан, Сауранда жер жоқ. Сондай-ақ мына Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Қарабайұлы мен оның орынбасары Серік Садыбаев қай жерде қызмет етсе, сол жерден туысқандарына жер рәсімдей береді. Мен журналистік зерттеу жасағам. Дәл қазір жер инспекциясы Серік Садыбаев мырзаның анасының атына рәсімделген 370 га жер туралы істі сотқа жолдады. Шошытатын жағдай емес пе?» — деді «Жемқорлық және заң» газетінің бас редакторы Қаламқас Ботабекова.
Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы журналистен айтып тұрған жерлердің нақты мекенжайларын сұрады.
«Мен бұл туралы сізге бұған дейін де айтқан болатынмын. Дәл қазір менің қолымда 15 жердің кадастрлық нөмірі бар. Сұраған адамға беруге дайынмын», — деді әкім сауалына нақты фактімен жауап берген жергілікті басылымның бас редакторы.
Әкім сол жерде әкім аппаратының жетекшісі мен жер инспекциясының басшысына көтерілген мәселенің мән-жайын анықтауға тапсырма берді.