Шүменов сауда орталығында болған жанжалға қатысты пікір білдірді
Шүменов сауда орталығында болған жанжалға қатысты пікір білдірді
© AP Photo / Joe Coomber /
Бокстан әлем чемпионы болған Бейбіт Шүменов Астанадағы төбелестің неден басталғанын түсіндірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Экс-чемпион әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялап, сол күні баланы ұстап отырған ер адаммен не себепті төбелесіп қалғанын жазды.
«Менің 8 жасар ұлым балалар алаңында ойнап жүргенде оны басқа бала арқасынан еш себепсіз ұра бастаған. Ұлым сол баланың әрекетін түсінбей, одан алшақ кетіп, әрі қарай ойнай берген. Бірнеше минуттан кейін жаңағы бала қайтып келіп, тиісе бастаған, ұлым қашып кеткен. Содан кейін ер адам келіп, әлгі баланы алып кетті. Менің балам мұндай жағдайға үйренбеген, ол үшін бұл әрекет үлкен стресс болды. Ұлым маған келіп, бір баланың өзіне тиіскенін айтты. Арқасын да көрсетті, қызарып кеткен екен және әлгі бала бірнеше жерден тырнап тастапты», — дейді Шүменов.
Осыдан кейін кәсіби боксшы әлгі ер адамға барып, одан ұлын ұрған баланың әкесі кім екенін сұрамақ болған.
«Менің ұлымды ұрған сенің балаң ба деп сұрап едім, «Иә, ұрды, не болды сонша? Маған не істейсің?!» деп дөрекі жауап берді. Мен ондай агрессияны көріп, басында сасып қалдым. Сосын жағасынан ұстап алдым да: «Қалай-қалай сөйлесіп тұрсың?» дедім. Сол сәтте ол сол қолына бір зат алып, шабуылдай бастады. Пышақ емес екенін түсінгеннен кейін баласын жібере салып, суық қарумен шабуылдауға көшті. Пышағын сермеп қалғанда, ішіме тиіп кете жаздады. Мен шегініп үлгердім. Сосын пышақты лақтырып жіберді. Ал баланы тағы қолына алып, оны қалқан ретінде пайдаланды», — деп атап көрсетті Шүменов.
Спортшы пышақ көргеннен кейін ашуын ұстай алмағанын да жазды. Оның айтуынша, «әке ретінде баланы қорғау керек».
«Неге ол адам баласын аямайды және қалқан ретінде пайдаланады? Байқап қарасаңыздар, оны ұстап алған кезде диванға қарай итере бастадым. Сол кезде баласын жібере ме деп едім. Алайда ол қайта-қайта баланы алып, қорған ретінде пайдаланды. Мен кәсіби спортшымын, соққыны қайда жасау керектігін білемін. Жұдырығым балаға тиген жоқ», — деді Шүменов.
Оның сөзіне қарағанда, полиция келгеннен кейін бәрін Есіл аудандық полиция бөліміне алып кетті. Сол жерде боксшының баласына тиіскен ұлдың анасы да болған. Ол кешірім сұрапты. Себебі баласы аутизммен ауырады екен, Баланың анасының айтуынша, ұлы айналасындағыларды себепсіз ұрып-теуіп жібереді.
«Осыны естігенде баланы қатты аяп кеттім. Мен өзім балаларды қатты жақсы көремін, анасына Алла сабыр берсін, ал баласы тезірек сауығып кетсін деген тілегімді жеткіздім. Біз сол жерде жылы шырайда қоштастық», — дейді спортшы.
Боксшы қазір бұл жанжалдың шешілгенін, екі тарап бітімге келгенін жазды