Ең кішкентайы 11 айлық. Ұшақ апатынан кейін 40 күннен соң табылған төрт баланың қалай тірі қалғаны белгілі болды
Фото: parents.ru
Колумбия қарулы күштері Какета департаментінің орманында құлаған Cessna 206 ұшағының ішінде болған төрт баланы 40 күннен кейін тапқан болатын. Балалар жабайы орманда қалай тірі қалды?
Еске салайық, 1 мамыр күні Колумбия ну тоғайының төбесіне кішкентай ұшақ құлады. Ұшақтағы барлық ересек қайтыс болды. Бірақ ұшақ апаты болған жерге келген құтқарушылар анасымен бірге ұшып келе жатқан 4 баланы таппады. 13, 9, 4 жастағы және 11 айлық бала жыландар, ягуарлар, улы өсімдіктер және масаларға толы тропикалық орманда жоғалып кетті.
Алайда құтқарушылар шашқа арналған резеңке, желінген жабайы жеміс қалдықтарын және бөтелкені тапты, бұл олардың әлі де тірі екеніне үміт берді.
Балалар ұзақ уақыт бойы джунглиямен өздері күресті, ал Колумбия халқы олардың табылуын тіледі. Колумбия президенті Густаво Петро балалардың ерлігін «бұл тарихта қалады» деді.
13 жастағы Лесли қандай жемістерді жеуге болмайтынын білген
Балалар тірі табылғаннан кейін бүкіл әлемді бір сұрақ мазалады: олар қалай тірі қалды? Алайда Мукутуи отбасының балалары мұндай сынаққа дайын болған. Себебі олар уитото тайпасынан шыққан, оларды бала кезден бастап аңшылыққа, балық аулауға және термешілікке үйретеді. Тірі қалған балалардың атасы Фиденсио Валенсия журналистерге балалардың үлкендері Лесли мен Солейни джунглимен жақсы таныс екенін айтқан. Ал балалардың тәтесі Дамарис Мукутуи отбасы әлсін-әлсін «тірі қалу ойынын» ойнағанын айтқан.
«Біз ойнаған кезде кішкентай лагерьлер жасайтынбыз. 13 жастағы Лесли қандай жемістерді жеуге болмайтынын біледі. Себебі джунглиде улы жемістер көп. Оған қоса, ол сәбиге күтім жасауды біледі», — деді ол.
Апаттан кейін Лесли есімді қыз ағаштардан және шашқа арналған резеңкелерден тығылатын жер жасаған. Ол сондай-ақ Cessna 206 ұшағынан ұн алып алған. «Балалар ұн таусылғанша сонымен тамақтанған, содан соң дәндер жеген», — деп айтты іздеуге атсалысқан байырғы халық лидері Эдвин Паки журналистерге.
«Олар маракуйяға ұқсайтын авичуре деген жемісті жеген. Олар авичюри ағашының айналасынан дәндер іздеген. Бұл апат болған жерден шамамен бір жарым километр жерде», — деді ол.
Авичуре ағашын сүтті ағаш деп те атайды, оның жемістері қантқа бай, ал дәндерін сағыз сияқты шайнауға болады.
Іздеу тобының бір мүшесі, байырғы халық тұрғыны және балаларды тапқан Генри Герреро балалар бакаба пальмасының жемістерін жегенін айтқан. Бұл жеміс майға бай және дәмі жағынан авокадоға ұқсайды. Ол балаларды тапқан кезде кішкентай баланың аузында осы жеміс болған.
Бір жақсысы, жылдың бұл мерзімінде джунглиде жеуге жарамды жемістер көп. Бірақ жабайы орманда 11-айлық баламен орманда тірі қалу таңғаларлық нәрсе.
Себебі бұл зерттелмеген аумақ. Оған қоса, бұл жерде қарулы топтар жүреді. Балалар қатты жауында да қалған.
Алайда құтқарушылардың сөзінше, 13 жастағы бала мұндай ортада тірі қалуға қажет барлық дағдыға ие. Тұрғындардың айтуынша, бұл балаларды әжесі тәрбиелеген. Олар тірі қалу үшін бабаларының біліміне сүйенеді.
Балалардың анасы апаттан кейін 4 күн тірі болған
Іздеу кезінде Богота билігі қысымға алынды. Себебі Президент кеңсесі балалар табылды деген өтірік ақпарат таратты. Балаларды іздеуге шамамен 150 әскери қызметкер мен 200 ерікті іске қосылған болатын.
40 күннен кейін балаларды арнайы үйретілген иттер тапты. Қолына сәбиді ұстап отырған үлкен қыз Леслидің ең алғашқы сөзі — «Менің қарным ашты».
Балалардың бірі қозғала алмай, жерде жатты. Ол құтқарушыларға «біздің анамыз қайтыс болды» деп айтқан. Кейін олардың анасының апаттан кейін тірі болғаны белгілі болды. Әйел апаттан кейін 4 күн тірі болған. Ол өлер алдында балаларға «бұл жерден кетіңдер» деген, ол балалардың оның қалай өлгенін көрмегенін қалаған. Апаттан кейін алғашқы 4 күн балалар ұшақтың жанында аналарымен бірге болған.
Балалардың жанында бірнеше күн құтқарушы ит болғаны анықталған
Балалар ағаштардың діңінде тығылған және олар құтқарушылардың дауыстарын естіген. Бірақ балаларға анасы джунглиде қарулы қылмыскерлер болатынын ескерткен. Сол үшін олар шығуға қорыққан. Балалар күштері бар кезде оларды байқамас үшін ағаштардың басына шыққан. Қыз апат болған жердің қасынан өтіп жатқан өзеннен бөтелкеге су құйып алған. Бұл өзенде қолтырауындар жүреді. Бақытына орай, балалар қолтырауынға жолықпаған.
Қазір 13 жастағы Лесли, 9 жастағы Солейни, 4 жастағы Тьен Нориэль мен 11 айлық Кристин ауруханада жатыр. Олар өздігінен жүре алады және тамақ іше алады. Олар өздерімен бірге тұрған Уилсон есімді иттің суретін салған. іздеу барысында иттердің бірі іздеуші топтан қалып қойған. Балалардың айтуынша, ит олармен 3-4 күн бірге болған, бірақ ол қатты әлсізденген. Біраз уақыттан соң джунглиге кетіп қалған. Колумбия әскерлері ол итті әрі қарай іздейтіндерін айтқан.
Дереккөз: parents.ru
А. Жапатова
Ақпарат дереккөз: massaget.kz