«Қазақ жігіттерін соғысқа жібермеңізші»: Бапи ақпараттық соғыста билік жеңіліп жатқанын мәлімдеді
«Қазақ жігіттерін соғысқа жібермеңізші»: Бапи ақпараттық соғыста билік жеңіліп жатқанын мәлімдеді
Ол ҰҚШҰ туралы заң желіде теріс насихаттық сипат алып кеткенін айтты
Парламент мәжілісінде Ермұрат Бапи Қазақстан билігі ақпараттық соғыста жеңіліп жатқанын айтты, деп хабарлады Qaz365.kz.
«Біз өткен жолы ҰҚШҰ туралы заң қабылдадық. Әлеуметтік желіде сол ақпарат теріс насихаттық сипат алып кетті. Қазақстан әскерін Украинаға апарады деген. Біреу маған «қазақ жігіттерін соғысқа жібермеңізші» деп жазады. Біз ақпараттық соғыста жеңілдік», – дейді ол.
Ермұрат Бапи мемлекеттік ақпараттық ресурстар тарапынан ешқандай түсініктеме көрмегенін айтады.
«Қазір Масс-медиа туралы заңды қабылдаймыз. Бүгін де кешке қарай бізге қарсы соғыс басталады. Блогерлердің жауапкершілігін арттыруды қолдаймын. Бірақ ертең біз тағы тақырға отырамыз», — дейді депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баспасөз хатшыларының құзыретін арттыру керектігін атап өтті.
«Иә, бізге ақпараттық шабуыл біраз уақыттан бері бар. Көптеген ақпараттық шабуылға тойтарыс берілді. Былтыр жазда да, күзде де. Баспасөз хатшыларныың құзыретін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Баспасөз хатшылары жедел шығып, түсініктеме беруі керек. Бұл жерде баспасөз хатшыларының арасында 60 пайызы басшыға шыға алмаймыз деп отыр. Сондықтан олардың құзыретін арттыру керек», – дейді ол.