БЕКАРЫС ШОЙБЕК ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ КАНДИДАТУРАСЫН ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ
Түркістандық ақын Бекарыс Шойбек елордада өтіп жатқан «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде қолдауға шақырды.
«Партиямыздың бүгінгі съезінде күрделі кезеңнің өткір мәселелері кеңінен талқыланды. Оның ішінде сыртқы қауіптердің алдын алу шаралары да бар. Мемлекет басшысы Түркістанда сөйлеген сөзінде «Біз үшін ең маңыздысы – халқымыздың аумақтық тұтастығы мен әл-ауқаты» деген еді. Осыған қатты мән беруіміз керек», – деді ол AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.
Белгілі ақын алдағы президент сайлауының маңыздылығына тоқталып, бұл саяси науқанға ел азаматтары ұйымшылдықпен атсалысуы керектігін атап өтті.
«Біз еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды саяси науқанды өткізгелі отырмыз. Олай болса «AMANAT» партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған реформаларды бірігіп жүзеге асыруға атсалысайық», – деді Бекарыс Шойбек.
Айтыскер ақын, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанай мысал бола алады.
Айта кетейік, бүгін барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы партиялықтар «AMANAT»-тың басты саяси іс-шарасына жиналды. Түркістан облысынан барған 65 делегат партияның бастамасына толық қолдау көрсетті. Съезге жалпы 1200 делегат қатысып отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі