ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ҮШ АЙДА 197 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен отырыста облыста спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 443 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, 46 мыңға жуық адам қамтылды. Облыста дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 735 мың адамға жетіп, халықтың 35 пайызын құрап отыр.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараевтың айтуынша, Түркістан облысы аумағында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі тұрғынның жартысына жуығы спортпен шұғылдана алады. Жүйелі түрде 4 мыңнан астам адам дене шынықтырумен айналысуда. Бұл бағытта тиісті жұмыс бар. Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Сауран» спорт клубы құрылды. Спорт клубында 39 жаттықтырушы жұмыс істеп, 196 мүмкіндігі шектеулі адам шұғылдануда.
Бүгінгі таңда өңірде 72 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі мен кәсіпорны бар. Аталған спорт мекемелерінде 51976 спортшы, 1450 жаттықтырушы тіркелген.
Облыста 59 (29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылып жатыр.
2022 жылдың 3 айында Түркістан өңірінің спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 75 алтын, 51 күміс және 71 қола, жалпы 197 медальға қол жеткізген. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 12 алтын, 12 күміс және 5 қола, жалпы, 29 медальға қол жеткізді.
Осы уақыт аралығында әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола, жалпы, 3 медальға ие болды.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 20 мың бала спортқа тартылған. Жаңадан құралған «Тұран» кәсіби клубы спорттың бірнеше түрінен жеңістерге жетуде. «Тұран» әйелдер волейбол және баскетбол клубтары ел чемпионатында турнир кестесінде алда келе жатыр. Ерлер, жасөспірімдер арасындағы волейбол, баскетбол, гандбол клубтарының да қадамы жақсы. «Тұран» футбол командасы премьер-лигаға жолдама алып, бақ сынауда. «Тұран-Томирис» қыздар командасы ел чемпионатында күміс жүлдегер атанған.