ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 62,2 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 62,2 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ
Түркістан облысы, Келес ауданында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 89,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,2 млрд. теңгеге артты. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 69,4%-ды құрап отыр.
2022 жылы жалпы өндірілген өнім көлемін 95,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аудандық қоғамдық кеңестің алдында берген есебінде мәлімдеді.
Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,8 млрд. теңгеге артқан. Саланы дамытуда ирригация жүйесінің орны бөлек.
Бұл бағытта келіссөздер арқасында Өзбекстан Республикасының Бозсу өзенінен бастау алатын Солтүстік Ташкент каналының аудан аумағындағы Жүзімдік, Бірлесу, Ақтөбе ауылдық округтерінің 19,2 шақырым бөлігі механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр. Нәтижесінде 1500 га жер қайта айналымға түсетін болса, 2922 га жердің су өткізу мүмкіндігі жақсаратын болады. Сонымен қатар биыл аудан бюджеті есебінен 101,2 шақырым болатын каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі