ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ОҢ БАҒАЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ОҢ БАҒАЛАНДЫ
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығында Мәдениет және архив салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және еліміздің барлық өңіріндегі мәдениет басқармаларының басшылары қатысты.
Жиында мәдениет, архив және баспа ісі салаларында 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға қойылған негізгі міндеттер талқыланды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, 2022 жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады.
– Былтыр облысымыз бірқатар маңызды мәдени ғимараттармен толықты. Атап айтар болсақ, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры, «Farab» кітапханасы, Сұлтанбек Қожанов атындағы музейдің жаңа ғимараты, 2 ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сайрам ауданында алтын құрсақты аналарға арналған «Ардақты ана» музейі ашылды. Мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында облысымызда биыл «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 8 ауылдық мәдениет үйі мен клубтың құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, – деді Әзімхан Серікұлы.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 685 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның iшiнде 395 кiтапхана, 250 клуб, 25 музей, 3 кәсіби театр, 2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 «Конгресс холл» көпсалалы кешені мен 1 көркемсурет галереясы, «Оңтүстікфильм» мекемесі және 6 саябақ бар.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 4 халықаралық, 5 республикалық, 19 облыстық деңгейдегі іс-шара өткізілген. Кітапханалар мен клубтарда, музейлерде де көпшілікке арналған іс-шаралар тұрақты өтіп келеді. Олардың басым көпшілігі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған.
Алқа отырысында Түркістан облысында мәдениет саласында атқарылған жұмыстар министрлік тарапынан оң бағаланып, жаңа мақсат — міндеттер жүктелді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *