ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЖАЙЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ЕРЕКШЕ ТӘСІЛМЕН ШЕШІЛІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЖАЙЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ЕРЕКШЕ ТӘСІЛМЕН ШЕШІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында жайылым мәселесі ерекше тәсілмен шешіле бастады. Жергілікті әкімдік пен аудандық прокуратура тарапынан жүргізілген жүйелі түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жерді пайдаланушылар мен ауыл тұрғындары игі бастаманы жүзеге асырып жатыр.
Өзгелерге үлгі болар бастама арқылы аудандағы 11 ауылдық округтегі 51 елді мекенге жақын орналасқан қажетті жайылым жер картасы әзірленді. Осы картаға енгізілген 310 жер пайдаланушы заңды тұлға анықталды. Табыс табуды ғана емес, татулық пен халықтың жайылым жерге қатысты мұқтаждығын шешуге атсалысқан жер иелері әр ауыл аумағы бойынша жасалған картаға енген жайылым алқаптарды ел игілігі үшін беруге келісті. Атап айтқанда, Алғабас ауыл округінен Әлібек Шірікбаев – 139 га, Білісбек Қасымбеков – 79 га, Көктерек ауыл округінен Диханбай Дүйсенбек – 195 га жайылым жерді ел игілігі үшін аудандық жер қорына қайтарды (барлығы 413 га).
Ал Боралдай ауыл округінде фермерлер одағының төрағасы, «Дихан-А» ӨК директоры Мырзабек Аребаев, «Жаныс» ӨК директоры Садық Әлжанов, «Төменгі Боралдай» ӨК директоры Сейіл Қасымбетов ауыл маңынан 7 шақырымға дейінгі аймақта жатқан жерді елге табыстады. Сонымен қатар 2022 жылдың 11 ақпанында аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлескен жиынында өзге де азаматтар өздеріне тиесілі жерді халықтың пайдалануына қарсы еместігін, құжаттарын рәсімдеп, тұрғындарға пайдалануға тапсыратыны туралы айтып өтті.
Елді мекенге жақын тұста мал жайылымы үшін қайтарылып жатқан жер телімдерін жинақтап, оларды сол елді мекеннің ортақ жайылым жеріне бекіту үшін аудан әкімдігінде тиісті қаулы жобасы әзірленді.
Елімізде жылдар бойы шешімін таппай отырған өзекті және негізгі сұрақтардың бірі – елді мекендерде жайылым жер тапшылығы. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Қазақстан Республикасы Президенті мен Бас прокуроры тарапынан тапсырмалар берілген. Бәйдібек ауданында осы бағытта нақты жұмыс бар. Бұл бастама арқылы жергілікті тұрғындардың бойына сенім ұялатып, ел бірлігі нығая түсті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *