«Үкімет неге көз жұмып отыр?»: Тоқаев министрліктің былығын ашты
«Үкімет неге көз жұмып отыр?»: Тоқаев министрліктің былығын ашты
© Sputnik / Владислав Воднев
Президенттің сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жайылымдық жерлер тапшылығын шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін президент бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып, ауыл тұрғындарына беруді тапсырған еді.
Айтуынша, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген.
«Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 миллион гектарға немесе 32 пайызға азайды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қоюдың және елді мекендер аумағын кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған», — деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малды фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған.
Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз жүзінде ғана азайған. Бұдан бөлек өңірде халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған.
«Үкіметке неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын», — деді мемлекет басшысы.