ТҮРКІСТАН: ВИЦЕ-МИНИСТР СУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАП, САЛА МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ТҮРКІСТАН: ВИЦЕ-МИНИСТР СУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАП, САЛА МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Негізгі мақсат – ағын су мәселесі бойынша өңірдегі жағдайды зерделеу, су тапшылығына байланысты қолға алынатын жұмыстарды пысықтау.
Вице-министр Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы су нысандарының жай-күйімен танысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Тұрғындарға және БАҚ өкілдеріне ағын су жеткізу саласындағы жаңалықтарды баяндады. Оның айтуынша, биыл да еліміздің оңтүстік өңірлерінде ағын су мәселесі күрделі болмақ. Өйткені қар мен жаңбырдың аздығына және көрші елден келетін судың аздығына байланысты су қоймаларға қажетті су қоры жиналмай жатыр.
– Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде ағын су тапшылығы өте қатты сезілді. Мамандардың айтуынша, биыл жағдай былтырғыдан қиындау болатын сияқты. Түркістан облысындағы «Шардара» және «Көксарай» су қоймаларына да мөлшердегідей су жиналмай жатыр. Әсіресе, «Көксарайдағы» жағдай қиындау. Шамамен екі су қоймада 1 млрд. текше метрдей су тапшылығы байқалады. Алдымыздағы ақпан және наурыз айлары қарлы әрі жаңбырлы болса, жағдай реттелуі мүмкін. Дегенмен біз биыл мейлінше суды аз қажет ететін көкөністер мен дақылдарды егіп, суды пайдалану тәртібін реттеуіміз қажет. Іссапарымызда облыс, аудан, қала әкімдіктерімен осы мәселе бойынша кеңесіп, тығырықтан шығатын жолдарды қарастырдық. Тиісті нұсқаулар берілді. Сырдария өзенінің суы бойынша үкіметаралық деңгейде қаралатын да мәселелер бар, – дейді Серік Қожаниязов.
Түркістан облысында 44 су қоймасы, 105 магистралді канал, 1699 шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арна, 1200-дей тік дренажды ұңғыма бар. Қазіргі таңда министрлік пен облыс әкімдігі тарапынан өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану және оны жаппай енгізу бойынша ұйымдастыру, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі