ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАТЫСТЫ ӨТІНІШТЕРІ МЕН АРЫЗДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАТЫСТЫ ӨТІНІШТЕРІ МЕН АРЫЗДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Әлеуметтік салаға қатысты өтініштер бойынша «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева онлайн және офлайн форматта жеке қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауда азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алу, азық-түлік және киім-кешекке мұқтаждық, тұрақты жұмысқа орналасу сынды өтініштері мен тағы да басқа мәселелері қаралды. Мәселен түркістандық ана 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдіргенде құжаттарының толық болмауына байланысты тағайындаудан бас тартылған. Өтініш иесі демеушілер тарапынан азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етілетін болады. Осы тектес түрлі жағдайлармен атаулы әлеуметтік көмек ала алмаған Кентаулық екі тұрғынға қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына өтініш білдіру ұсынылды. Сондай-ақ партия филиалы тарапынан алда ұйымдастырылатын көмек түрлеріне енгізілетіні айтылды.
Жұмыссыздық мәселесіне байланысты да өтініштер қабылдау сәтінде шешімін тапты. Отырар ауданының екі тұрғыны аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілді. Олар ақпан айының 1-нен бастап жұмыс істемек. Өтініш білдірген түркістандық бірнеше тұрғын да ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылатын болды.
Басқарма басшысы Ә.Темірбаева партия филиалының әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфир арқылы облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, талап-тілектерін назарға алды. Қабылдауда жалпы 37 адам өз мәселелерін көтерді. Оның 24-і онлайн түрде болса, 13 азамат қабылдауға келді. Азаматтардың арыз-өтініштеріне ҚР заңнамаларына сәйкес түсініктемелер берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *