ТҮРКІСТАН: «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ 102 609 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ 102 609 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысында 2021 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 40,1 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, нақты 54,2 мың жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 20,3 мыңы тұрақты болса, 34 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Бекітілген жоспар 135,2 пайызға орындалды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында осы саладағы түйткілдер тарқатылып, жоспарлар белгіленді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 101 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, 102 609 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Жоспар артығымен орындалған. Бағдарлама шеңберінде 900 адам қысқа мерзімдік оқуды аяқтап, оның 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Аталған бағдарлама аясында 1276 азамат 6089,9 млн. теңгенің шағын несиесін алды. Шағын несие алушылар тарапынан 1402 жаңа жұмыс орны ашылды. Түзілген келісімшарттарға сәйкес, шағын несиелеу жұмыстары 2022 жылдың наурыз айына дейін жалғасатын болады. Жұмысқа орналасқан азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасы азаматтардың 83,8 пайызына аударылған. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 42,3 мың отбасы немесе 237,5 мың адамға 12,3 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалды, олардың ішінде еңбекке жарамды 68 367 адамның 52,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 1036 отбасына 308,5 млн. теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді, 33 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жұмыс орындарын көбейту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «2022-2025 жылдарға арналған өңірдің жұмыспен қамту картасын» бекіту қолға алынды. Бүгінгі таңға жауапты салалық басқармалардан 9 ұлттық жоба бойынша мәлімет жинақталып, 2022-2025 жылы 145,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарға енгізілді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мерзімін 12 айға ұзартып (қолданыстағы заңмен 6 ай болған), жалақысын 91 890 теңгеге жеткізу ұсынылған.
Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды әрі басты мәселе екеніне тоқталып, бағдарламаларды әділ әрі сапалы жүзеге асырып, елге көмектесуді тапсырды.
Аппарат отырысында коронавирус індетіне қарсы күресті тоқтатпау мәселесі де сөз болып, тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *