Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері
Құрметті ағайын!
Қазақ халқы аса ауыр кезеңге тап болды. Бейбіт түрде өз талабын білдіруге келген халықты өздерінің теріс пиғылдарына пайдаланған лаңкестердің әрекеті шектен шықты. Өзекті өртейтін ең өкініштісі – қазақтың өрімдей жігіттерінің қыршыннан қиылып, ел тыныштығының бұзылуы. Халықтың көңілінде қазір үрей мен күдік басым.
Алайда, Мемлекет басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел шешімдері мен әрекеттері ертеңге деген ерен үмітті оятып отыр. Лаңкестерге қарсы штаб жұмысын жүйелі түрде жүргізуде. Жасалып жатқан жұмыстар мен шешімдерді Президенттің өзі ашық түрде телеарналардан хабарлап жатыр. Төтенше жағдай жарияланып, дүмпуді басуға қажетті барлық шара жасалуда.
Қадірлі ағайын!
Осы соңғы жағдайлар бізге тыныштықтың, еркіндіктің қадірін үғындырды. Енді біздің алдымызда арнайы белгіленген талаптар негізінде ғана әрекет жасап, ел Президентінің барлық бастамасына қолдау білдіріу міндеті ғана тұр. Жоғарыда айтқандай, Мемлекет басшысының барлық әрекетін ашық, жариялы түрде жасап жатқандығы – тұрақтылықты сақтап қалуға деген талпыныс қана екендігін айдан анық көрсетіп тұр.
Біздің ынтымақ, бірлігіміз қызықшылықта ғана емес, қиын кезеңде де сын таразысына түседі. Қазір біздің басымызға сол сәт келді. Сол асыл қасиетімізді ел тұрақтылығын аяқ асты еткісі
келгендердің емес, өзіміздің, болашағымыздың ортақ мүддесіне пайдалануымыз керек.
Қазір бізде сабырға келіп, санамен әрекет ететін сындарлы уақыт. Сол сәтте сынбай, ел Президентінің жанынан табылып, Жарлығын қалтқысыз орындап, тыныштығымыздың ғұмырлы болуын тілейік, ағайын.
Ел аман, жұрт тыныш болып, дүрбелеңнің уақыт ұзамай аяқталуына атсалысайық!
Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері