ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНДА ШАРДАРАДАН 30 ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ШЫҚТЫ

ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНДА ШАРДАРАДАН 30 ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ШЫҚТЫ

Түркістан облысы, Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздікке тарту – 30 әлем чемпионы» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйледі.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жерлестеріміз биыл әлем чемпионаттарынан 30 алтын медаль алып отыр. Бұл айтулы мейрамға өте құнды да, бағалы тарту болды. Спортпен шұғылданып, өз денсаулығымызды күту әрбіріміз үшін өте маңызды болса, ал осы спортшылар жеңіске жетсе, елдің беделі көтеріледі. Жақында ғана Бухарест қаласында өткен армрестлингтен әлем чемпионатында «Шардара Армспорт» клубының өрендері дүние жүзінің алдында 25 рет Әнұранымызды шырқатса, гір спортынан Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 5 алтын жүлдеге ие болды. Спортшыларымызға әрқашан жеңіс пен абырой, отбасыларына амандық, толағай табыстар тілеймін» – деген аудан басшысы чемпиондарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды тапсырды.
Аудан әкімінің марапатына 30 спортшы ие болды. Марапатталған чемпиондардың көп болғандығы сонша, сахна төрінде орын қалмады.
Енді чемпиондарға тоқталсақ, Румыния мемлекетінің Бухарест қаласында қол күрестен өткен әлем чемпионатында Базарбай Асылжан, Ибрахим Әділет, Сәрсенбай Жармахан, Райм Бекарыс, Мансұр Мұқағали, Серікхан Саят, Басымбек Нұрболат, Полат Ермахан, Роман Данияр, Абдулла Аружан, Оразхан Ырысты, Тұрғанбек Тұрарбек, Ахметов Қуандық, Самат Мұқасан, Мұхамбетов Ердәулет, Ақтай Бекқуат, Саттар Шерхан, Зиядулла Назира, Тазабек Зейнеп, Қаржау Есболат, Ерсайын Мейрамбек, Нұрмахан Ердәулет, Сарыбай Ердәулет, Бекжігіт Асылжан, Абдрахман Бекбол чемпион болды.
Ал Венгрияның Будапешт қаласында өткен гір тасын көтеру спортынан әлемдік додада Ергеш Нұрболат, Бейсенбай Ерсұлтан, Тұрғанбай Нұрбатыр, Қуаныш Ерасыл, Махамбет Мейіржан чемпион атанған болатын.
Марапаттаудан соң шардаралық композитор Әділғазы Ибрагимов «Шардара Армспорт» клубына арнайы тарту ретінде шығарған «Қол күрес» әнін шырқады. Армрестлингтен 2 дүркін әлем чемпионы Мағжан Шамиев құттықтау сөз сөйлеп, бүкіл спортшылардың атынан аудан халқының қолдауына алғысын білдірді.
Бүгінде Шардара ауданында 80 мыңға жуық тұрғын болса, оның 36 пайызы, яғни, 29 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен айналысады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *