Министрліктер мен әкімдіктер бюджет ақшасын игере алмай жатыр

Қаржыны ең көп игермеген әкімдіктер – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджет ақшасын игере алмай жатқан министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 95,8%-ке атқарылды.

«Республикалық бюджет бойынша шығыстар 13 триллион теңгені құрады. 81 миллиард теңге атқарылмады, оның ішінде 15 миллиард теңге үнемделген. Игерілмегені –  66 миллиард теңге», — деді Жамаубаев үкімет отырысында.

Неғұрлым ірі соманы игермеген ведомстволар – мәдениет және спорт, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және ішкi iстер министрліктері.

Игерілмеудің негізгі себептері: нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу; орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу қажеттілігі.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 8 триллион теңгені құрады. 327 миллиард теңге атқарылмаған.

Биыл өңірлерге 2,5 триллион теңге нысаналы трансферт көзделген. 1 қарашадағы жағдай бойынша оларға 2 триллион 157 миллиард теңге бөлінді. Оның 94,2%-і игерілді.

«Атқарылмағаны – 124 миллиард теңге, оның ішінде үнемделгені – 21 миллиард теңге», — деді ведомство басшысы.

Қаржыны ең көп игермеген әкімдіктер – Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы.

https://sputnik.kz/economy/20211209/18864356/ministrlikter-akimdikter-byudzhet.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *