ТҮРКІСТАН ӨҢІРІН ДАМЫТАТЫН 480 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 2019 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуы және жазғы демалыс айларында балалардың бос уақытында сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары туралы мәселелер қаралды. Ең алдымен Түркістан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев баяндама жасады.
«Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2018 жылдың алдын ала қорытындысымен 1 трлн. 650,5 млрд.теңге сомасында қалыптасты. 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 6,2 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнімді жан басына шаққанда 833,8 мың теңгеден келеді. Алдыңғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда өсім бар. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 153,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артты», – деді А.Абдуллаев.
Селектор отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларына өңірлерде отбасылық шаруа қожалықтарын көбейту керектігін айтты. Сондай-ақ «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды тездетіп, Түркістан облысының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жобаны қазірден бастау қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар тапсырманы орындамаған аудан басшыларына тиісті шара қолданылатындығын ескертті.
Жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бүгінде облыс орталығында мемлекет мұқтаждығы үшін 303 нысан босатылғанын баяндады. Облыс басшысы босаған нысандардың құрылыс жұмыстарын жылдамдатып, қаладағы сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын қарқындатуды тапсырды. Бұдан өзге, өңір басшысы облыс орталығын көгалдандыру мен ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алу керектігін айтты.
Одан соң бюджеттің орындалуы бойынша қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев баяндама жасады.
«Жалпы облыс бойынша 2019 жылдың 1 мамырына дейін жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 109,7 пайызға орындалды», – деді А.Тасыбаев.
Ал жазғы демалыс айларында балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова мәлімдеді.
«ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында «Қиын өмір жағдайындағы балаларды сауықтырудың барлық түрлерімен қамту үлесі» белгіленген. Облыс бойынша қамту үлесі 61 пайызды құрап отыр. 2018 жылы жаз мезгілінде қала сыртында 26 сауықтыру лагері жұмыс істеді. Оған 27 000 бала тартылған болатын. Оның ішінде 9-ы мемлекеттік, ал 17-сі жекеменшік. Биыл жаз мезгілінде қала сыртында 23 сауықтыру лагері (7 мемлекеттік, 16 жекеменшік) жұмыс істейді деп жоспарланып отыр» , – деді А. Садықова.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі