ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы жалпы ішкі өнім халықтың жан басына шаққанда 412, 6 мың теңгеге жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 411,2 мың теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Әліпбек Өсербаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, қалада өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Есепті кезеңде жалпы өнеркәсіп өнім көлемі 11 млрд. 309 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 106 пайызды құраған.
«Үдемелі индустриялды — инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010-2017 жылдары жалпы құны 2 млрд. 214 млн. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 539 жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім көлемі 1 767,2 млн. теңгені құрап отыр. Бұл жобалардың басым көпшілігі құрылысқа қажетті құрал жабдықтар мен тұрмыстық жиһаздар шығаруға бағытталған мәселен, «Баянды құрылыс», «Ақ жол», «Түркістан трасса», «Стройсервис 21», «Кadiris», «Cordial Turkestan» ЖШС мен «Grand miks», «Имажанов» жеке кәсіпкерлері өңірдегі өндірісті өркендетуге өз үлестерін қосуда», — деді Әліпбек Шәріпбекұлы.
Сондай-ақ, қала әкімі шахардың болашақ келбеті туралы да баяндады. Облыс орталығы Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен дамитын болады. Қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт «Тарихи аймақ» Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысанды реставрациялау және «екінші бағыт рухани-мәдени орталық» аймағы 98 гектар жерге жоспарланып отыр. Ал үшіншісі әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы 700 гектарды құрайды. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, Медиа орталық, Сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайы, спорт, мәдени кешендердің құрылысы түседі деп күтілуде.
Қала халқының 94,1 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал сапалы электр энергиясымен қамту көрсеткіші 99,8 пайызға жеткен. Қазіргі таңда, коммуналдық қызметпен толық қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *