ДДҰ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ COVID-19-ҒА ҚАРСЫ КҮРЕСТЕГІ КҮШ-ЖІГЕРІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ
ДДҰ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ COVID-19-ҒА ҚАРСЫ КҮРЕСТЕГІ КҮШ-ЖІГЕРІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ
Қазіргі таңда Түркістан облысы – жасыл аймақта. Облыс мұндай көрсеткішке пандемияға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адалдығы, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге облыс басшылығының күш салуының нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Жедел әрі сапалы жұмыстар аймақта инфекцияның төмен деңгейде әрі бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Бүгін Түркістанға келген ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кларинваль облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде осы деректерге тоқталып, өңірдегі пандемияға қарсы жұмыстарды оң бағалады.
Түркістанға келген ДДҰ делегациясының мақсаты – өңірдің коронавирус пандемиясына қарсы күрес барысын саралау, эпидемиологиялық жағдаймен танысу және медицина қызметкерлерімен тәжірибе алмасу.
Кездесуде тараптар COVID-19 дертіне қарсы әрекет ету, аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қатысты мәселелерді талқылады. Өмірзақ Шөкеев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанға көрсеткен ынтымақтастығы мен жан-жақты қолдауы үшін ресми өкілге алғысын білдірді.
«Біз денсаулық сақтау мәселелері бойынша ДДҰ-мен ынтымақтастықты құптаймыз. Өңірде түрік үлгісіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірегей көпсалалы аурухана құрылысын жүргізу, жергілікті медицина қызметкерлерін шетелде оқыту мен олардың біліктілігін арттыру бойынша денсаулық сақтау жүйесінде бірнеше жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты сараптамалық қолдау мен ДДҰ-ның ғылыми негізделген ұсыныс базасы осы жобаларды сәтті жүзеге асырудың берік негізі бола алады », – деп атап өтті облыс әкімі.
Доктор Кэролайн Кларинвал ДДҰ аймақ басшылығының COVID-19 індетімен күресудегі күш-жігерін, сондай-ақ пандемияның алдыңғы шебінде тұрған медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен адалдығын жоғары бағалайтынын баса айтты.
«Біз COVID-19 індетімен күресте сіздің саяси ерік-жігеріңізді, пандемия майданының алдыңғы шебінде жүрген өңірдегі медицина қызметкерлерінің зор күш-жігерін көріп отырмыз. Бұл жұмыстар вирустың жаппай таралып кетпеуіне ықпал етті. ДДҰ қоғамдық денсаулық сақтау, инфекциялық аурулардың алдын алу және бақылау, жұқпалы емес ауруларды емдеу, зертханалық сапа менеджменті ресурстарын жұмылдыру және тағы басқа салаларда техникалық тәжірибені қолдауға және бөлісуге дайын», – деді ол.