ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЕГІСТІКТЕН СӨРЕГЕ ДЕЙІН» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЕГІСТІКТЕН СӨРЕГЕ ДЕЙІН» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асқалы отырған «Егістіктен сөреге дейін» жобасы арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру шарттары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгін Түркістанда Ауыл шаруашылығы басқармасы, «Түркістан» ӘКК» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Оңтүстік» АИО өкілдерінің және облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасын талқылауға арналғын кездесу өтті. Басқосуда қатысушылар жобаның негізгі мақсаты мен шарттарын кеңінен талқылады.
Бағдарламаның басты мақсаты – елдегі фермерлерге өздері өндірген өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға мейлінше көмектесу. Бүгінде осыған байланысты «Түркістан» ӘКК мамандары облыстағы кәсіпкерлерге жобаның шарттарын түсіндіріп, құжаттарды жинақтау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуде. Несиелеу ережелеріне сәйкес несиені рәсімдеудің жалпы мерзімі 10 күннен аспайды, ал жылдық пайыздық мөлшерлемесі 0,01% құрайды. Бұл ретте несие шарты өтеу, жеделдік және мақсатты пайдалану келісімімен жасалады. Сондай-ақ, тауарды сатып алу және сату барысы тізімдегі белгілі бір өнімнің түріне байланысты жүзеге асырылады.
Айта кету керек, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жағынан жетекші рөлде және аталған саланы өркендетуде ерекше әлеуетке ие. Алайда, дайын өнімді сатуға келгенде бірқатар кедергілер бар екені жасырын емес. Атап айтқанда, тауарды өткізетін тұрақты арналар жоқ, өткізу нарықтары шектеулі және импортталатын өнімдерге байланысты бәсекелестік өте жоғары. Міне, осы кедергілермен күресу мақсатында Үкімет кәсіпкерлерге қаржыландыру арқылы қолдау көрсететін «Егістіктен сөреге дейін» жобасын ұсынып отыр.
Егер жоба жүзеге асатын болса, шаруалардың және фермер қожалықтарының жұмысы жүйелене түсіп, ауыл аймақтарда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі деп жоспарлануда.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі