ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков бүгін қаладағы тозығы жеткен бірқатар үйлерді аралап, тұрғындардың жай-күйімен танысты.
Бүгінде қаланың техникалық зерттеу қорытындысы негізінде 107 көппәтерлі тұрғын үй тозығы жетіп, бұзуға ұсынылған. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары соғылған үйлер бүгінде апатты жағдай алдында.
Әкім орынбасары ең алдымен 1-Мамыр көшесі бойында орналасқан 14 А,Б, 16 А және 20-шы үйлерде болды. Тозығы жеткен үйлердің шатыры тозып, жарылған қабырғасы қирағалы тұр. Ағаш баспалдақтары да әбден көнерген. Есесіне араларында коммуналдық жүйелері де шіріп, істен шығуы жиі кездеседі.
Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ескірген үйлерді сүріп, қайта салу қажеттігі туындаған. Е.Білісбеков аралау барысында жауапты сала мамандарына уақыт оздырмай, шұғыл әрекетке көшуді тапсырды.
— Тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасы – бұл тұрғындарға ешбір шығынсыз өз үйлерін жаңарту мүмкіндігі. Жылжымайтын мүлік нарығында бағасы төмен ескірген тұрғын үйлер сүріліп, тұрғындары жаңадан бой көтерген үйлерге қайта қоныстануға мүмкіндігі бар. Ең бастысы тұрғындардың талап-уәждерін ескере отырып, олардың келісімдерімен апатты тұрғын үйлерден көшіріп алуымыз қажет. Содан соң ғана тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үйлердің құрылысын бастаймыз. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтылып, үйлері біткен соң қайта қоныстана алады немесе тең пәтер қарастырылады. Нәтижесінде шаһардың сәулетіне де сән келеді,-деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Қазіргі таңда, бұл іске инвесторларды тарту қарастырылып отыр. Пилоттық жоба ретінде алдымен Гагарин көшесі №112 жанындағы ғимарат, 1 мамыр көшесі №29 үй, Ш. Қалдаяқов көшесі №35 үйлер бойынша дайындық жұмыстары атқарылуда.
Үйлердің бірқатарына әзірге модернизациялау жұмыстары да жеткілікті. Мәселен, Володарского 7 үйдің тұрғындары жаңғырту жұмыстарының жүргізіліп, кем-кетігі түзелуіне келісіп отыр. Кездесу барысында тұрғындар қала әкімінің орынбасарына бірқатар өтініштерін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *