«АҚ БИДАЙ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АУЫЛ СПОРТЫ ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

«АҚ БИДАЙ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АУЫЛ СПОРТЫ ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтауда «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өтіп, кіл мықтылар анықталды. Халықаралық деңгейлерге сай бой түзеген спорт кешендерінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген спортшы ұл-қыздар бақтарын сынады. Нәтижесінде 195 ұпай жинаған Түркістан облысының өрендері командалық есепте бас жүлдені иеленді. Бұл жетістік шынында да 2021 жылдың ең ірі жеңістердің бірі болды.
Төрт жылда бір болатын «ауыл олимпиадасына» Қазақстанның 14 облысынан келген 2000-нан астам спортшы қатысты. Өңір командалары спорттың 14 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен сынға түсті.
Халық арасында бұқаралық спортты насихаттау және спортқа тұрғындардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткен ауыл спорты ойындары алғаш рет 2000 жылы Астана қаласында өткізілді. Қазір «Ақ бидай» Олимпиада жүйесі бойынша төрт жылда бір рет өтеді. Алдыңғы додаларда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының өрендері бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алған болатын. Түркістан облысының спортшылары сол үрдісті сақтап қалды.
Ақтаудағы сайыста түркістандықтар қазақ күресінен алтын медалді иеленді. Бұдан басқа жерлестеріміз аударыспақтан жеңімпаз атанса, қол күрес шеберлері де өңіріміздің қоржынына алтын жүлдені салды.


Сондай-ақ тоғызқұмалақ шеберлері республикада топ жарды. Теңге ілу, жамбы ату сайысында да түркістандықтар жеңіс тұғырынан көрінді.
Түркістан облысы құрамасының жоғары деңгейде дайындалуына барлық мүмкіндіктер қарастырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауын ерекше айта кеткен жөн. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев команда құрамын мықтылармен жасақтауда өзінің іскерлігін көрсетті. Бапкерлердің де қажырлы жұмыстары жемісін берді.
Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев бастаған шәкірттер өздерінің мықтылықтарын көрсетті.
Өзге спорт түрлерінен де Түркістан ұландары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Саятшылық спортынан түркістандықтар қола алқаны қанағат тұтса, гір тасын көтеру спортынан командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Волейболдан ерлер командасы үшінші орынды еншіледі.
«Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында 183 ұпай жинаған Алматы облысының командасы екінші орын, ал, 166 ұпаймен Қызылорда облысының спортшылары үшінші орыннан көрінді. 2025 жылы «Ақ бидай» республикалық ауыл спорт ойындары Алматы облысында өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
_________________

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *