Еселі еңбек жемісі
Экономиканың маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы – өндірістің негізі, агроөнеркәсіптің жетекші саласы болып табылады
«Бақытын еңбектен тапқан жан» демекші дана халқымыз, бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Еңбекті жанына етене тұтып, еңбекпен есейген, жеке шаруа қожалығын ашып, шөп шабу мен картоп өсіруді қолға алған жандардың бірі Екатерина Давыдова аз жыл ішінде айтарлықтай табысқа жетті. Бұл оның еңбекқорлығы мен жылдар бойы жинаған тәжірибесінің жемісі. Биылғы жылы «Елена» шаруа қожалығы астық және көкөніс жинаудан жоғарғы нәтиже көрсетті.
Қожалық иесі Скворцова Екатерина Давыдова 1953 жылы туылған, 1983 жылдан бастап Самарка ауылдық округінің аумағында тұрады. Төрт баланы тәрбиелеп өсірген ардақты – ана. Ол Самарка савхозында дәмхана, қойма меңгерушісі болып жұмыс жасаған. 1997 жылдан бастап өзінің жеке шаруашылығын ашып, нан және нан өнімдерін дайындап, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп отырды.
2000 жылы «Елена» шаруа қожалығын ашады. Қожалықтың негізгі бағыты – картоп өсіру және шөп дайындау. Ауылшаруашылық жер көлемі – 298 га. Картоп отырғызу көлемін 2000 жылы 2 гектардан бастап, қазіргі таңда 2015 жылы 12 гектарға жеткізді. 2015 жылы шаруа қожалығы 10 гектар жер аумағына тамшылап суару қондырғысын орнатып, (аудан бойынша екінші) 330 тонна картоп өнімін жинады, орташа өнімі бір гектар 275 центнер және 200 тонна шөп дайындалды. Шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына картоп және шөпті қол жетімді бағамен сатады.
Шаруашылыққа маусымдық жұмыстарға жыл сайын 15 жұмыскерлер қабылдап, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуда. Сонымен қатар әлеуметтік салада да біршама қолдау көрсетеді. «Елена» шаруа қожалығы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға әр уақытта көмек көрсетіп отырады. Ауылдық округтің әлеуметтік – экономикасының дамуына үлесін қосуда. Шаруа қожалығының басшысы Екатерина Давыдова бірнеше рет облыс, аудан, ауылдық окург әкімінің мақтау грамоталарымен марапатталды.
Е.Д.Скворцова – айқын мақсаттары мен саналы жеке құндылықтары бар, жұмыс уақытын ұтымды пайдаланатын басшы – менеджер. Қожалыққа қатысты мәлелелерді тиянақты шешіп, жауапкершілікпен қарайды. Оған қоса көшбасшылық қабілеті тағы бар. Бар өмірін бір салаға арнаған, сөйтіп өзінің ерекше қасиеттерімен дараланған жан. Соның арқасында ұжымда да, өз ортасында да, абырой — құрметке лайық. Міне, осындай өз ісіне жан — тәнімен берілген жандардың өмірі кімге де болса, үлгі — өнеге боларлықтай.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ