МҰРАТ ӘЙТЕНОВ АҚШ-ТЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ АҚШ-ТЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвиджпен кездесті. Бас консулды жаңа миссиясының басталуымен құттықтаған қала басшысы екі жақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

Мұрат Әйтенов мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып, қалада инвестиция тартуға жайлы жағдай жасалғанын, аймақтың туристік әлеуметі мол екенін айтты. Сонымен бірге Шымкент – Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен және олардың астаналары Ташкент пен Бішкек шекараларына жақын орналасқан республиканың ірі өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – қаламызды адам өміріне қолайлы және бизнес жүргізуге ыңғайлы мегаполиске айналдыру. Оған қол жеткізу үшін біз инвестициялық қоғамдастықтармен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруды көздейміз. Қазақстан мен АҚШ бизнесінің игілігі үшін жаңа жобалар бірлескен жұмыстың нәтижесі болады деп ойлаймын»-деді әкім.

Өз кезегінде Кэролайн Сэвидж екі мемлекет арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық дами беретініне сенім білдіріп, биыл АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа 30 жыл толып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге ол Қазақстан жұртшылығын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сараланды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *