ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ КЕҢЕСІ ТҮРКІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ ОДАҒЫНЫҢ IV БАС АССАМБЛЕЯСЫ ӨТТІ

Түркістанда   23-24 сәуір аралығында  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінде Түрік кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясы өтті.  

Бұл маңызды басқосуға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия сияқты 15-тен астам мемлекеттен ректорлар, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, эксперттер, ғалымдар,  студент жастар, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. 

Айта кету керек, Түрік университеттері одағының негізі Түрік Кеңесі іс-шаралары аясында 2013 жылы қаланды. Қазіргі таңда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның жалпы саны 19 жоғары оқу орны аталмыш Одақтың мүшесі болып табылады.

Түрік кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясы мәжілісі Түрік Кеңесінің Бас төрағасы Б.Амреев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы профессор Муса Йылдыз және университет ректоры профессор Болатбек Абдрасиловтың құттықтау сөзінен кейін өз жұмысын бастады.

Мәжіліс барысында, Түрік Кеңесі Түрік университеттері одағы шеңберінде жалпы түріктік білім және ғылымның бірыңғай желілік кеңістігін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты жалпы түріктік рухани құндылықтарға негізделген білім беру бағдарламаларының үйлесімдігін қамтамасыз ету, сондай ақ, «Түркістан процесі» деп аталатын  жоғары білім туралы дипломдарды өзара танудың оңтайландырылған механизмдерін енгізу туралы инновациялық жобамәселелері талқыланады. Сонымен қатар пилоттық жоба болып келген «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасының кең көлемді ұтқырлық бағдарламасына айналдыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізілді. 

Жиында сөз алған Түркі кеңесі Бас хатшысы Б. Әмреев  «Түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістан қаласында өткізіліп жатқан бұл бастамалар мүше мемлекеттер мен барлық түркі халықтар үшін оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Түркі кеңесі Түркі университеттер одағының төртінші бас ассамблеясы барысында елдеріміз үшін оңды шешімдерге қол жеткіземіз деп үміттенемін», – деді.

Мәжіліске қатысушылар тарапынан «ұлттық шекараларсыз сапаны бақылау» үлгісінде (әлемдік аккредитациялау агенттіктерінің мысалында) жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жалпытүркілік аккредитациялау агенттігін құру ұсынысы қолдау тапты.

Сондай-ақ университет ректоры Б.Абдрасилов «Білім беру қызметтерінің сапа жүйесін жақсарту мақсатында, келешекте дүниежүзілік трендтерге сәйкес оқу үдерістерін стандарттауға кепілдік бола алатын, жоғары оқу орындарымыздың беделінің күшеюіне септігін тигізетін жалпытүріктік білім кеңістігіне қызмет ететін тәуелсіз аккредиттеу агенттігін құру керек деп есептеймін», деп атап өтті.   

Ассамблея отырысында сөз сөйлеген халықаралық Elsevier компаниясының  Орталық Азия және Әзірбайжандағы аймақтық басшысы                      А.К. Оспанова және Түркия Республикасы бойынша өкілі Айхан Саражоғлы оқу және ғылыми жұмыстардың сапасын жақсарту бойынша ЖОО және мемлекеттердің атқарып отырған әрекеттерін бірлестіру арқылы Түркі әлемінің университеттерінің рейтинг дәрежесін көтеру мүмкіндігі және осы бағытта компания тарапынан ЖОО әлеуетін арттыруға бағытталған қажетті қызметтерді көрсетуге дайын екендерін атап өтті. 

IV Бас ассамблея мәжілісінде Түркияның Кападокия университетінің, Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университетiнің, Түркияның Гази университетінің, Әзірбайжан мемлекеттiк экономика университетінiң және Венгрияның Сегде университетінің Түркi университеттер одағына мүшелігі ресми түрде бекітілді. 

Биылғы жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті Түрік университеттері одағының кезең төрағасы болып табылады. Бас ассамблея іс шаралары аясында Түркістан облысы әкімдігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен кеше салтанатты ашылуы болған  Түрік Кеңесі Жас көшбасшыларының ІІ Форумы және Қазақстанда жастар жылының жариялануына байланысты Түркі әлемінің мәдениет және өнер фестивалі жоғары дәрежеде өтті.  Екі күн бойы қазақтың төл өнері – айтыс пен Түркі халықтары жастарының мәдениет және өнер фестивалі түркістандықтардың құлақ құрышын қандырды.    

Бұл іс шаралардың барлығы Түрік әлемінің алтын бесігі — тарихи Түркістан қаласында өтіп жатқаны ерекше назар аударатын жағдай. Қазіргі таңда Түркістан күн өткен сайын әлемдік аренада инновациялық, технологиялық, халықаралық, мәдени және рухани байланыстарды бірлестіретін білім мен ғылымды ұштастыратын хаб ретінде алға ұмтылуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *