ЖАҚЫПБЕК АЛТАЙҰЛЫ, ФИЛОСОФ, ПРОФЕССОР: АБАЙ АТЫ МЕН МҰРАСЫ — ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДІ

ЖАҚЫПБЕК АЛТАЙҰЛЫ, ФИЛОСОФ, ПРОФЕССОР: АБАЙ АТЫ МЕН МҰРАСЫ — ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДІ

Фарабитанушы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор  Жақыпбек Алтаев Абай жылының тойлануына қатысты Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.

Жақыпбек аға, сіз фарабитанушысыз. Десе де, Абай мен Фарабиді бөліп қарамайтын ғалым екеніңізді білемін. Биыл Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдығы өз деңгейінде аталып жатыр деп ойлайсыз ба?

 Биыл қазақ әдебиеті, мәдениеті және ғылымы үшін айтулы жыл. Өйткені, қазақтың мақтанышы, дана Абайдың 175 жылдығы, шығыс ғұламасы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мемлекет көлемінде аталып өтіп жатыр. Екі ғұламаны бөліп қараудың қажеті жоқ. Екеуі де – ұлы даланың ірі тұлғалары. Абай мен Әл-Фараби — дала өркениетінің ұлы есімдері. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 10 тамыз Абай күні айтулы мереке болып қабылданды. Ақордада ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев республикадағы абайтанушылар мен фарабитанушылардың басын қосып, үлкен сұхбат құрған болатын. Сол жиында тұжырым жасалып, Абайдың торқалы тойы қалай аталып өтілуі керек деген мәселе көтерлді. Нәтижесінде 400-дей ғылыми-танымдық, мәдени іс-шаралар өткізілуі тиіс болды. Алайда, елді жайлаған індеттің салдарынан бәрі өзгерді. Абай күніне арналған жиынның бәрі онлайн форматында өтіп жатыр.

Абайдың тойын тойлау ас беріп, ат шаптыру емес. Абайдың мерекесінде оның шығармалары кең таралып, оқылып, жырлану керек. Абайдың шығармашылығы толық зерттеліп біткен жоқ. Абай күнінің мақсаты  Абайды елге кеңінен таныту деп ойлаймын. Абайдың мұрасы шет тілдерге аударылып, әлем халықтарына таныстырылу керек. Мемлекет басшысы Абай туралы бүгінгі мақаласында «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз» — деді. Президент тура түсіп айтқан. Демек, бүгін Абайдың ойы ұлықталатын күн болу керек.

Абай мен Фарабиді қазақ елінің «бренді» ретінде көтеруіміз керек. Біздің көптеген өмірлік мәселелеріміздің жауабын Абай өлеңдерінен, поэмаларынан, қара сөздерінен табуға болады.

 Сіздіңше Абай күні қалай тойлану керек еді?!

 Ақпан айында ғалымдар, зерттеушілер, ақындар болып Абайдың 175 жылдығының ашылуында жиналып, Абай жайлы біраз баяндамалар тыңдадық. Өлең оқылды, ақынның өмірінен үзік сырлар айтылды. Керемет рухани кеш болған еді.

Абайды тану, зерттеу сонау Әлихан Бөкейханов заманында басталған. Абайды алғаш зерттеген, оның өлеңдерін кітап қылып басып шығаруға мұрындық болған – Әлихан Бөкейханов. Одан кейін Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев та Абай жайлы жазған. Бәрімізге белгілі Мұхтар Әуезов Абайға үш томнан тұратан эпопея арнады. Бұқаралық ақпарат құралдарын мұқият бақылап отырмын. Қазақстанның әр облысында онлайн конференциялар, симпозиумдар, университтерде де түрлі онлайн шаралар өткізіліп жатқанынан хабардармын. Демек, Абай жылын тойлау форматы ауысса да, өз деңгейінде аталып өтіп жатыр. Шетелде көптеген Қазақстан елшіліктерінде де іс-шаралар өтіп жатыр. Түркияда Абай үйі ашылды. Шетелдегі елшіліктерде Абай күніне орай шығармалары ол елдің тіліне аударылды. Абай қолжазбаларының негізінде шығармалар факсимелесін шығару керек. Абай ТВ телеарнасы ашылды. Енді балалар, жасөспірімдер теледидар арқылы Абай мұрасымен танысады. Меніңше, осындай шаралар арқылы жастардың Абай шығармашылығына қызығушылығын арттыра аламыз. Жыл сайын Абай мерекесі осылай тойланса, оның шығармалары насихатталады, жастардың санасына сіңеді.

 Біз Абайдың мұрасын жақсы танимыз ба?!

 Біз Абайды әр қырынан тануымыз керек. Абайдың ой-өрісінің кеңдігі, қазаққа жанашырлығы көп шығармасынан көрініс табады. Ақын астарлап жеткізеді. Оның дүниеге көзқарасы күрделі. Сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретінін 43 қара сөзінде айтып кеткен. Ал 37 қара сөзінде «адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деген бір сөйлемімен үлкен әлеуметтік құбылысты айтып кеткен. Қорыта айтсақ, егер біз жастарымызға Абай мұрасын өз деңгейінде дәріптей алсақ, «кейінгі толқын інілердің» «алдыңғы толқын ағаларға» кінәсы болмайды.

 Сіздің ғылыми жолыңызда Абай шығармашылығымен байланысты қандай есте қалар оқиға болды?!

 2012 жылы АҚШ-тың  «ОГАЙО» университетінде Фараби, Абай және Шәкәрім туралы лекция оқыдым. Университет  студенттері, магистранттар, докторанттар осындай ірі тұлғасы бар біздің елге қызығушылық танытты. Мен Шәкәрімнің шығармашылары оқыған едім, дәріске қатысқан докторант орнынан атып тұрып өзінің өмірлік сұрағына жауапты Шәкәрім шығармасынан тапқанын қуана айтты. Сол күні дастарқан жайып бізді күтті, ризашылығын білдірді болды. Абай шығармашылығында моральдік этикалық тақырып көп қамтылады. Шетелдік студенттер Абайдың моральдік құндылықтары туралы шығармаларынан дәріс тыңдағанда қатты сүйсінді. Егер біз әлемге Абайды таныта білсек, қазақты таныта аламыз. Мен сол кезде бір марқайып қалғаным бар.

 Мектеп бағдарламасына «Абайтану» пәні енбек. «Абай ТВ» арнасы ашылды. Осы жайлы пікіріңізді білсем?

 Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ деген қасиеттерден аулақ болуға шақыратын өлеңін мектептегі алғашқы сыныптардан үйретеді. Әл Фараби 1000 жыл бұрын әр адамның өз орны болу керек десе, Абай 100 ден аса жыл жыл бұрын толық адам туралы айтты. Адамның бақыты өзіне, еткен еңбегіне байланысты екенін айтты. Өнер мен білімге ұмтылыстың маңыздылығын түсіндіріп кетті. Абай уақыттан тәуелсіз, неше ғасыр өтсе де, оның өсиеті қазаққа рухани азық болып қала береді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, рухани құнды дүниелер теледидар арқылы көп берілсе, нұр үстіне нұр болады. Абай ТВ бүгін ашылып, ертең жабылатын телеарна болмау керек. Сапалы дүниелер, көрерменнің ой-өрісін кеңіте алатын танымы мол арна болса құба-құп… Мектеп бағдарламасына Абайтану мен хрестоматияны енгіземіз деген бастаманы қолдаймын! Өте оң бастама. Баланы жас кезінен Абайды танып білуге үйретсек, ол баланың толық адам, кемел тұлға болып өсуіне зор мүмкіндік берген болар едік.

 Сіздің студенттердің Абайға қызығушылығы қалай?

 Мен университетте оқытушы болған соң алдыма Қазақстанның түкпір-түкпірінен студенттер келеді. Гуманитарлық және жаратылыстану факультеттерінің студенттері Абай мұрасына қызығады Саналы, білімді жастарды көп байқаймын. Қазіргі таңда шетелдің ең алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алып жатқан қазақ жастар көп. Меніңше, дәл Абайдай тұлға болмаса да, саналы, дана тұлғалар қазақтан әлі талай шығады.

 Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында соңғы кезде оқыған қызықты дерек бар ма?! Сіз философияны зерттейсіз, Абай философ ретінде толық ашылды ма?

 Абайды зерттеген ғалым әріптестерімнің жазбаларымен танысып жүрем. ҚазҰУ-де «Абай» ғылыми зерттеу орталығы бар. Абай әлі зерттеледі. Біз білмейтін деректер әлі шығады деп ойлаймын. Мұхтар Әуезов: «Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар – олар: бірінші қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті-өнері, екіншісі орыс мәдениеті, сол арқылы Батыс мәдениеті, үшіншісі араб мәдениеті», — деп еді

Абайдың жан дүниесін өзгертіп, шығармашылықтың биік шыңына шығуға шығыс ойшылдарының шығармалары әсер етті. Сонымен қатар ол Платон, Сократ, Аристотель шығармаларын да оқып, талдады. Абайдың ғылыми ой толғамдары өзінен кейінгі дәуірде философиялық, эстетикалық, қоғамдық, этикалық, өнердің, рухани құндылықтардың дамуына ықпал етіп отыр. Сол үшін біз Абай шығармашылығын көтеруіміз керек, «брендке» айналдыруымыз керек. Абай шығармалары қазір қиын-қыстау кезде қазақты рухтандырып, жігерлендіреді. Абай – данышпан, философ, композитор. Мен философ  маманы ретінде, оның философиялық тұстарына көбірек мән берем. Қара сөздерінің моральдік, этикалық, эстетикалық мағынасы тереңде. Абайды түсініп оқыған адам кемелденеді. Жастар Абайға қарап, бой түзеп, ой түзесе, олар үшін үлкен рухани азық болары сөзсіз.

Тағылымды сұхбатыңызға үлкен рақмет!

Strategy2050.kz мұрағатынан

https://strategy2050.kz/news/zha-ypbek-altay-ly-filosof-professor-abay-aty-men-m-rasy-aza-ty-brendi-barly-y-tar-or-al-an-strategy/

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *