ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің халыққа жолдауы
Бүгінгі мемлекет басшысының халыққа жолдауын жылдағыдай емес асыға, тағатсыздана күттік. Өйткені қаңтар оқиғасы шұғыл шешілуі тиіс көптеген түйткілді проблемаларды алға тосқаны белгілі. Көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берілді ме жоқ па? Ол бөлек әңгіме. Ең бастысы президенттің айтқан сөздері нық та сенімді шыққандығына дау жоқ. Бұл өзіне сенімді басшының, халқына, оның болашағына сенген көш басшының сөзі деп қабылдадық. Елбасының жолдауларын насихаттап, елдің алдына шыққанда дерексіз ұғымдар мен керексіз (сол сәтте-ақ ұмтылып кететін) көлгір сөздерді қалай тарқатудың жолын таппай қиналушы едік. Қ.Тоқаевтың жолдауында ондай сылдыр сөз, құрғақ уәде, дерексіз ой емес, түйін бар, ой бар. Ең бастысы халыққа деген жанашырлық бар.
Жолдауда көтерілген мәселелер өте өзекті, ауқымды. Оны санамызда қорыту үшін уақыт керек. Жан-тәнімізбен сезіну үшін әрқайсымыздың әрекетіміз керек.
Жолдаудан қарапайым халықтың күткені көп еді, оның бәрі бірдей қамтылды дей алмаймын. Әйтсе де, ескіше өмір сүре алмайтын халықты билік ескіше басқаруға болмайтындығына уәде берді. Іске сәт дейміз игі талапқа!