Сәбіз Өзбекстанда да күрт қымбаттап кетті
Өзбекстанда сәбіз күрт қымбаттап кетті
Телеарна мәліметінше, Ташкент тұрғындары сәбіздің құны 3 есеге дейін шарықтап кеткенін айтады. Бүгінде базарлар мен дүкендерде сәбіз 360 пен 440 теңге төңірегінде сатылыпжатыр. Кей мамандар бұндай өзгерістің басты себебі өзбекстандық сәбізді импорттаушы елдерде бағаның өскендігімен байланыстырып жатыр. Яғни жергілікті диқандар арзан бағаға ел ішінде сатқаннан гөрі сыртта саудалап, пайда тапқанды жөн санайды.
«Шынымен де қазір Өзбекстанда сәбіздің бағасы қымбаттап кетті. Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақтандыру үшін тиісті шараларды қолға алды. Бағаның өсуіне биыл ақпан мен сәуір айларында ауа райының суық болуы себеп болды. Яғни осы мезгілде ерте пісетін өнімнің шығуы 20-25 күнге кешікті. Енді жағдай осы айдың соңында биыл егілген сәбіз толық піскен кезде тұрақталмақ», — дейді Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Нигора Ходжаева.