НҰРШУАҚ ШАҒЫНАУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
НҰРШУАҚ ШАҒЫНАУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Қала әкімінің инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп жатқан шағынаудандардың тұрғындарына атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Абай ауданы Нұршуақ шағынауданының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге аудан әкімі Б.Парманов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов және қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты. Кездесуде шағынауданда атқарылып жатқан инфрақұрылым жүйелері бойынша салалық басқарма басшылары тұрғындардың сауалына жауап берді.
Бүгінгі таңда мұндағы тұрғындарға «ЛТД Тұрмыс» ЖШС мен «Build Stroi» ЖШС мекемелері тарапынан аптасына екі рет 300-ге жуық үйге су тасымалданып, «Троя» ЖШС тарапынан 150 тұрғын үйге жеке меншік ауыз су жүйесі тартылып, қалған үйлерге ұңғымадан су берілуде. Мемлекеттік ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында «Бесқара» ЖШС тарапынан ішкі ауыз су жүйелеріне құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Асар шағынауданынан Нұршуақ шағынауданына дейінгі магистралды су құбырының құрылыс жұмыстарын «Build Stroi» ЖШС жасап жатыр.
Ал, электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізетін жеңімпаз мекеме анықталды, құрылыс шілдеде басталады. Қазір мемлекеттік электр жүйесі 4 көшеге жүргізіліп, 234 үй қамтылған. Қалған 32 көшедегі, 441 үйге жеке меншік жүйе тартылған. Шағын ауданның 2-ші бөлігінде әкімдік тарапынан 4 трансформатор орнатылып, 300-ге жуық үй қосылған.
Сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобаны осы жылдың 2-жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан былтыр 15 көшеге 11 мың метр шағал тас төселген. Енді биыл 15 көшеге 6 650 метр жолға шағал тас төселмек.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі