ТҮРКІСТАН: ӨҢІР БАСШЫСЫ АНАЛАРДЫ ТӨЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нәзік жандылар қауымын құттықтады. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шараға тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар төрден орын алды. Облыс басшысы өңір дамуына өлшеусіз үлестерін косып келе жатқан аналарымызға өз алғысын білдірді.
«Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта «Ана алақанының аясы, Ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау, ардақты анаға құрмет көрсету. Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деген екен. Әлемді, жерді жарық етіп отыратын екі нәрсе бар. Біреуі – Күн, екіншісі – әйел. Ел аузындағы осы қанатты сөз бүгінгі мерекенің ажарын ашып тұрғандай. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады! Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана Сіздерге арналады. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін! Мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Тарихымызда бір отбасыға ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз бен батыр аруларымыз болған. Даналықтың белгісіндей Домалақ ана, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере әже біздің ел үшін әже тәрбиесінің, ана мейірімінің орны ерекше екенін аңғартқандай. Бүгінде ақ жаулықты аналарымыз, намысты аруларымыз қоғамның сан түрлі саласында елге адал қызмет етіп жүр. Отбасының ғана емес, Түркістан облысының өркендеуіне үлес қосып келеді. Атап айтсақ, білім, мәдениет, медицина, жергілікті басқару, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, спорт және өзге де салаларда озат еңбегімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектер жетерлік.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі