Ұлтымыздың рухани жаңғыруы оның өресіне сай жүреді.

Өмір бәсекеден, дана халқымыздың танымымен қарағанда «бәйгеден» тұрады. Елбасы сөзімен айтар болсақ, сол жаһандық деңгейде жүріп жатқан бәсеке мен бәйгеде «шаңға көміліп» қалмаудың қамын ойлау мен жасау бүгінгі әрбіріміздің міндетіміз. Ол үшін біздің қоғамның шынайы рухани тұтастығы мен ұлттық жаңғыруы маңызды іс екені Елбасының бағдарламалық мақалаларының («Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» 12.04.2017 ж.; «Ұлы Даланың жеті қыры» 21.11.2018 ж.) мазмұнынан байқалып тұр.

Тәуелсіздік алғаннан кейін етек-жеңін жинап, елдігін әлемге таныта алған Қазақ еліне (Қосымша: Кезінде Президенттің еліміз атауын Қазақ елі деп ресми атауды ұсынғанын ұсынысы бүгінгі өреміздің көрініп тұрған шындықты парасаттауға жетіңкіремей қалғанынан қолдауын бірден таба алмай қалғаны бар. Өкінішті … .) алдағы отыз жылдан сәл астам уақыттағы түпкі мақсат «дамыған отыздыққа» экономикалық, әлеуметтік және ең бастысы ұлттың рухани жаңғыруы тұрғысынан ену мақсаты тұр.

Әрине, бұл бәсекеде өзгелер де қарап отырмасы анық. Біздіңше, ұлттың осы бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыра түсетін қуаттың өзі ұлттымыздың рухани әлемімен тікелей сабақтастықта жатыр. Сол қуат көзіне жалғасу сол ұлттың рухы мен руханияты туралы біздің алған білімімізге және соның негізінде өзіміз өмір сүріп отырған уақыт пен қоғамның келешегі жайлы бүгінгі күнгі атқарып жатқан істеріміздің өміршең және өткінші тұстарын санамен екшей алуымызға тікелей байланысты.

Бұл орайда бүкіл елдің, қоғамның санасының біртұтас ұлттық санаға көтерілуі маңызды мәселе. Өйткені, ұлттық сана ғана біртұтас ұлт болуға жетелейтін және оны сақтайтын қайнар күш. Осы орайда халықаралық энциклопедияларда: «Ұлт — қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі. Негізінде XXXXӀ ғасырлар ғаламдық деңгейдегі саяси ұйымдасудың негізгі бірлігі болып табылатын ұлттық мемлекетке сәйкес келуі керек. Ұлт мемлекетті қажетті заңдылықпен қамтамасыз етеді және тек ұлттық мемлекеттер халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілері ретінде өмір сүре алады деген пікір қалыптасқан. Ұлттық емес мемлекеттер толыққанды болып есептелмейді. Олар не ұлттыққа айналуы керек, не өмір сүруін тоқтатуы керек» — деп көрсетілген. Біздіңше, бұл жердегі ұлт шыққан тегі мен қандастығы бір қауымға емес, «тілегі мен жүрегі бір» елдік санаға ие ұлт туралы айтылып тұр. Бәлкім, бұл пікірді бөліспейтіндер де бар шығар.

Шындығында, адамзат тарихы таза қанды ел де, халық та жоқ екендігін байқатады. Тек уақытпен ең алғашта біртұтас ел болып біріккеннен соң өзгелерден ерекшеленетін және сол қоғамға тән этникалық белгілердің дамуына, бұрынғы ортасынан одан ары айқындала түсуіне жол ашылып белгілі бір этникалық белгілерге ие ұлт қалыптасады. Сөйтіп, тарихи даму барысында тіл, діл, тіпті кейде дін ортақтығы орын алады. Бұл тарихтың шындығы, әрі сабағы.

Бүгінгі күні жалпы адамзат ортақтығы тұрғысынан ойлау маңызға ие бола бастады. Кең өрелі білім мен ойлауды қажет ететін, жалпы адамзаттық шежірелік сана мен бірге барлық діндердің де көздегені барлық адамдардың өзара үйлесімді тұтастықта өмір сүруі, сол арқылы адамдық қасиеттерді жоғарылатып, Бір Жаратушының ризалығына ие болу мақсатын көздейтіні белгілі. Тарихтың тағы бір сабағы сол осы істерді жүзеге асырудағы бір заңдылық  ол — сыртқы биліктің күшімен емес, ішкі сананың күшімен жасалған дүниелердің өміршең екендігінде болып тұр. Олай болса, ел басқарудан гөрі өзімізді басқару мәселесі қашанда өзекті екені байқалады.

Осы орайда бүгінгі қазақ қоғамының бірегейленуі мен ұлттық санасының өсуіне ықпалын тигізіп отырған қоғамдық күштің бірі 1995 жылы жердегі барлық тіршіліктің бастауы болған көктемнің алғашқы күндері пайда болған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы институты бірегей құрылым болып отырғаны жалпақ әлем мойындаған шындық. Сол институттың бүгінгі күні қазақы танымға негізделген біртұтастық туралы айтып, айтып қана қоймай сол бағытта «Қазақтану» жобасы бағытында жұмыс атқарып келе жатқанын бүгінгі күні біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Тіпті кейде сынып жататынымыз тағы бар … .

Біздің бүгінгі әңгіме арқауында да осы қоғамдық институттың көтерген «Қазақтанулық» жобасының елдің рухани жаңғыруына қатысты тұстарын қоса кеткенді жөн санаймыз. Ең бастысы институттың бұл ұсынысы өзінен өзі оңай пайда болмағанын, оның әуелден мақсатты және жоспарлы түрде талай жылдарға созылған еңбектердің жемісі деп қарауымыз керек. Ол үшін тарихқа сәл ғана шегініс жасап шолып өту артық болмас еді.

Ол үшін тағы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» — бекерге айтып отырмағанына назар аударған жөн деп білеміз. Оның үстіне Елбасының өзі де әр ісінде солай әрекет жасап келе жатқанын ұғындырып тұрғандай әсер беретін үлкен мәнге ие сөздер.

Тәуелсіздік тұсындағы тарихқа қарай отырып, тізгін қолға тиген соң елдің басшылығы тарапынан ұлттың тарихи санасын ояту бағытында қаншама жұмыстар жасалғанын байқаймыз. Сол жұмыстардың негізгі өзегі қоғамдағы барлық ұлттардың, оның ішінде ең алдымен қазақтың бірлігін сақтау болды. Өз кезегінде, қалың жұрт та төл тарихына деген сағыныш шөлін қандыру жолында қиындықтарға қарамай бірлік пен ынтымаққа бағыттаған іс-шараларға белсене кірісті. Әсіресе, тарихи санасы шежіре арқылы қалыптасып, сабақтастығын сақтаған елге тарихи тұлғаларды тану мен таныту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері мол болды. Алғашқы экономикалық жағдайдың қиын тұсында рухты көтерудің бірден бір дұрыс жолы да осы болғанын және сол істердің көп кешікпей көріне бастаған нәтижелері Елбасының да еліне деген сенімін арттыра түскенін қоғам қайраткері, ғалым М.Жолдасбековтің аузынан айтылған бір сұқбатта естігенбіз.

Бәрінен бұрын кешегі күні Абайтану, Сәтпаевтану, Әуезовтану, Тұрартану, Қожановтану сияқты т.б. көптеген тарихи танулардан басталған істің бүгінгі күні Қазақтануға ұласқаны көкейге қуаныш пен үміт сыйлайды. Әрі ел ұстанған бағыттың дұрыс екенінен хабар береді. Әрине, сол тұлғатанулық жұмыстардың кейбір тұстарында түрлі пікірталастардың да орын алғаны белгілі. Бірақ бұның барлығы қисығына тартудан емес, тарихи шындыққа көз жеткізу мақсатында болғанын ел біледі. Сол ел білетін тағы бір айқын нәрсе бар. Ол қазақтың «бірін бірі дауға қиса да, жауға қимайтын» қасиеті. Бабалардан қалған осы қасиетті бүгінгі ұрпағы ұмытпасын деп тілеңіз.

Міне, халықтың сондай ел болуға бағыттайтын қасиеттерін тану мақсатынан «Қазақтану» жобасы туып отыр. Ұлтты, елді тану үшін Елбасы сөзімен айтқанда, қоғамның рухани жаңғыруында халқымыздың даналық ойларының тамырларына, яғни сөз өнеріндегі «ұлттық кодтарымызға» үңіліп отырғанымыз жөн. Сонда ғана ұлтымыздың рухани жаңғыруы оның төл танымы мен өресіне сай өрбиді. Тіпті осы «өре» деген сөздің мағынасын ашып түсінудің өзі де оған ұлттық таныммен талдай білуімізді керек етеді. Бұл сөзге үңілген адам Елбасы айтқандай «адамзатқа атқа міну мәдениетін әкелген» далалықтардың тарихи танымы мен мәдениетінің іздерін байқар еді. Тікелей және тарихи мағынасында ата-бабаларымыздың аттың алдыңғы және артқа аяқтарын қосақтап қоятын шідерді «өре» деп айтқанын білдірсе, ол сөз біртіндеп ауыспалы мағынасында адамның санасының деңгейіне қатысты пайдаланылған. Бұл жылқымен бірге жасасып келе жатқан және өзін онымен бірлікте екенін сезінген жұрттың тілінен хабар береді. Бүгінгі күні де солай қолданыста.

Сананың кеңдігін осы өремен өлшепті бабаларымыз. Өрелі болуға шақырады халық педагогикасы. Ал оның өренің тарлығы мағынасында бұл сөз «ойы келте, тәжірибесі мен білгені аз адамдар санасына қатысты немесе кейде «мұрын астынан арыны көре де, болжай да алмайтын» біржақ қыңыр мінез кісілерге «кекесін» түрінде де қолданған. Екіншіден, «өре» сөзі көшпелілер ойы мен шаруашылығының сабақтастығын да тікелей көрсетіп тұрған – тарихи қайнар сөз. Өйткені, көшпелілер өрені пайдаланғанда аттың үй айналасынан ұзатпай жайылуына мүмкіндік беруді, бірақ шідерлеген жағына қарай ғана басым айналып жүргендіктен үйден алыстай алмауын басты назарда ұстаған. Иә, малын бағып, отанын жаудан қорғаған далалық көшпелілер үшін жылқының орны ерекше болған. Жалпы адамзат қоғамында жылқыны қолға үйретудің басты орталығы қазақтың даласы болғаны ғылыми дәлелденген мәселелердің бірі. Енді өздерін «жылқы мінезді» халық санаған қазақтың болашағы үшін ұлттық рухы мен мақтаныш сезімдерін оятатындай етіп дәріптеу мен насихаттау жағын мемлекеттік деңгейде қолға алу жүріп жатыр. Ел шетіне жау келсе, «Аттан»!- деп ұрандатқан қазақтың рухани әлемін ұғына түскендей күйдеміз. Бірігіп, үзеңгілесіп елді қорғау, елдің қамына жүруге шақырыпты бабаларымыз. Тіл байлығымыз да өмірі жылқы малымен етене болған қазақтың баласын «құлынға», ел қамын ойлаған азаматын «тұлпарға», өміру сүрудің өзін «бәйгеге» балап, фольклорында «ер қанаты-тұлпарларға» байланысты небір «ұлттық кодымызды» білдіретін мағлұматтар.

Алайда, кешегі отарлық озбыр саясат осы қасиеттерді елдің есінен шығартуға тырысты. Ал халықтың арда туған ұлдары сол рухани әлемнің сақталуы жолында халдері келгенше сол озбырлыққа қарсы күресті. Бірақ қаруы күшті Ресей отарлаушылары мен кейінгі кеңестік биліктің руханиятқа жасаған қиянатты істері қазақтың ойлау жүйесіне зақым келтіріп, ұлттық сананы империялық мүдделерге орай орысша ойлауға бағыттағаны анық. Нәтижесі де жоқ емес. Бүгінгі қазақтың ұрпағы арғы атасының сөзін кейде ұға бермейді. Ұлттық санасының деңгейі төмендеп, ішінара космополиттік санаға ие бола бастағандары да жоқ емес. Тіпті, өкінішке қарай кешегі бабалардың айтқан «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», «ит тойған, ер туған жерінде», «біріңді, қазақ-бірің дос, көрмесең істің бәрі бос…», «енші алыспаған қазақпыз», «жеті атасын білмеген — жетесіз» т.б. қанатты сөздері мен даналық ойларының тамырына үңіле бермейтін ересектеріміз де аз емес.

Бабаларымыз ел мұратын – ұлы мұрат ретінде санаған. Ахмет Байтұрсынов бабалардың осындай мұраттары жайлы айта келе: «Ошақ басы, үй –ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын нәрсесі болмады» деп жазған екен. Халықтың ұлы мұраттарымен ел билеген хандар мен сұлтандардың да мүдделері алыс жатпаған. Алыстай түссе ел сенімінен айырылғаны белгілі. Бүгінгі ұрпақ есте ұстайтын халықтық қасиеттің ең маңыздыларының бірі де бірегейі осы қасиеті шығар.

Иә, қазақтың ұлттық танымына үңілген сайын даналық пен даралықтың іздері айқындала түсетінін байқау қиын емес. Кезінде халықтың бұл қасиетін өзге елдердің марқасақалары да байқағаны тарихтан белгілі. Олай болса, қазақты қазақы танымынан бастап таныған абзал. Кері жағдайда қанша жерден «рухани жаңғыру» деп ұрандатқанмен пайдасы аз болады ау деген көңілімізде күдік те жоқ емес.

Қазақы таным жалпы адамзаттық танымнан алшақ та емес. Алайда, мынау қазақы танымның негізі дегізерлік тұстары да жоқ емес. Ол Адам деген атқа лайық болу, ұрпақ тәрбиесін сол негізде өрбітуді мақсат еткен сияқты болып көрінеді біздерге. Жалпы тарихи жағдайда алып қарағанда барлық әлемдік идеологиялық күрестердің, оның ішінде барлық діндерде негізгі нысаны-Адам. Сол бір ардақты атты сақтау адамзат ұрпағы үшін қиын болып тұр.

Ендеше арғы аталарымыздың ұлттық таным тұрғысынан қарар болсақ біріншіден, бабаларымыз ертеден адам баласын өзге тіршілік иелерінен артық етіп жаратқан «Бір Тәңіріні», «Алланы» жақсы танығаны байқалады. Сондықтан әрбір ісі мен сөзін оның қаһарына ұшырап қалмауға бағыттап атқарған және сөйлеген. Мысалы, қазақ жек көрген кісінің сөзін немесе ұнатпаған сөз сөйлеушіні тоқтатқанда «оттама!» -деп тыйып тастаған. Енді оның мәні «оттайтын тек мал» деп ұлттық таным тұрғысынан алып қарағанда тыйып отырған кісіге «мал бол ма!» деп, яғни «адамдық қалпыңды бұзба, жоғалт па!»- деп отырған ойын аңғарар едік. Ал «оттапсың» десе, ол бүгінгі ұғымға салғанда «малсың» дегенмен бірдей болып шығады. Енді неге олай айтты десеңіз? Адам баласын Бір Жаратушы жаратқанын жақсы білгендіктен екенін де байқар едік. Яғни мал деп тікелей айтуға оның иманы жібермей тұр. Бірақ бүгінгі біздер осы жайттарды ескере бермейміз. Кейде бір бірімізге ауыр айтып жатамыз. Өкінішті.

Екіншіден, барлық діндерде «Жаратушы көрсеткен жолмен жүру» талап етіледі. Оны біздің бабаларымызда мойындаған. Көшпелілердің «жолың болсын!» деген сөзі мен «жолың болмасын!» деген қарғыстарының өзі белгілі бір жолмен, ізбен жүруді байқатады. Әрине, алғашқысы «Тәңірі жолы» екені тағы белгілі.

Бұқар, Шалкиіз сияқты т.б. жыраулар мен Абай атамыздың өлеңдерінің астарлы мағыналарында да «Бір Жаратушының» барлығы мен адамның өзгелерден артық жаратылуындағы мақсаттың бар екені сөз етілгенін бізге қарағанда бабаларымыз терең түсінгені анық. Өйткені ұлттық ойлау жүйесінің тарихи сабақтастығы мен бұзылмаған болатын. Алайда, Абай заманында бұрынғыдай «сөз ұғарлықтың» азая бастағанын байқалады. Мысалы, ақынның бір өлеңінде: «…Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» -деген жолдардың кездесуінің астарында біздің ойымызға дәлел боларлықтай талай мағына жатыр деп санаймыз.

Қорыта айтқанда, Елбасы мақалалары жай ғана танысып шығатын дүние емес. Қоғамды әрекетке, бәсекеде алға шығуға үндеп тұрған стратегиялық құжаттар. Ал ол үшін маңызды болып саналатын рухани жаңғыруды әрбір адамның өзінен басталуы керек. Әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі ретінде өзін өзі тануға ұмтылатын ұлттық ойлау жүйесіне негізделген санасы болуы қажет. Сондықтан ең бірінші кезекте соны түзеу керек деп ойлаймыз. Ол үшін ұлттық ұғымдарды қайта жаңғырта отырып, заманауи білім алуды қолға алуды кешіктірмеуіміз ләзім. ҚХА «Қазақтану» жобасының мәні мен маңызы еліміздің болашағымен тікелей сабақтасып жатыр. Сондықтан бүкіл қоғамның рухани сілкінісін тудырған барлық бастамаларға бабалар аңсап өткен ұлы мұраттар деңгейінен қарауымыз өзекті. Қазақ елінің жалпы ұлттық рухани жаңғыруынан тыс қалуға болмайды. Ал ұлтымыздың рухани жаңғыруы оның өресіне сай жүретінін ұлттық таныммен тани білу өзекті мәселе болып тұр.

Ұлттық ойлау жүйесінде білім мен тәрбие беруде әрдәйім көшбасшылар санатынан көрініп келе жатқан  жоғары білім берудегі қарашаңырақ — ОҚМПУ ұжымы мен жастары да бұл бәсекеде әрқашан алдыңғы лектен көрінеді. Жастар жылында жастарымыздың рухани жаңғыру бағытындағы өрелі істері де көп болатынына сенім мол. Ол үшін ЖОО-да бар жағдай жасалған.

                                              

                                                                                                                                Анарбаев Қайрат Сапарханұлы-Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани                                                                                                                                         жаңғыру» орталығының басшысы, т.ғ.к.,доцент м.а.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *