ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БІР ЖЫЛ
ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БІР ЖЫЛ
Осыдан тура бір жыл бұрын көктемде жауған қалың нөсерден Төлеби ауданында өзен суы арнасынан асып, сел жүрді. Салдарынан бірнеше үйді су басып, зақымданды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев селден жапа шеккен тұрғындардың жанынан табылып, жағдайды қатаң бақылауына алды. Табиғаттың тосын мінез танытуына қарсы шаралар күшейтіліп, шұғыл штаб құрылды.
Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Арнайы комиссия қорытындысымен, 42 үй жарамсыз деп танылды.
Жаңа баспаналардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Қираған, құлаған үйлерді сырып тастап, орнына жаңа үйлер тұрғызылды. Қолайсыз деп танылған таулы аймақ тұрғындарына жаңа мөлтек ауданнан үйлер бой көтерді.
Ленгір қаласынан 17 отбасы, Киелітастан 2 отбасы, Сұлтан-Рабат ауылының 22 отбасы мен Ынтымақ ауылдарының бір отбасы араға үш ай салып, қоныс тойын тойлады. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуық баспаналарды 9 мердігер мекеме салып берді.
Тұрғындар сол күндерді әлі ұмыта қойған жоқ. Әсіресе таулы аумақтың тұрғындары әр көктемді қорқынышпен қарсы алып келгендерін еске алады.
«Бұрынғы үйіміз ескі болатын. Жаңадан салып берген үйіміз 5 бөлмелі. Қыстың күні ыстық болса, ал, қазір жазда салқын. Үйдің сапасы жақсы. Үйдің ішінде асхана, қонақ бөлмесі, жуынатын бөлме бар. Үш-төрт ай ішінде үйді бітіріп берді. Үкімет басшыларына, «Nur Otan» партиясына, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне алғысымыз шексіз», – деді ауыл тұрғыны Эльдар Османов.
Жаңа үйге қоныстанған тұрғындардың бүгінде тұрмыс-тіршілігі түзеліп, әлеуметтік әл-ауқаты жақсарған. Селден үйі жермен-жексен болған Дамиля Еюова халықтың көкейіндегі мәселелерді оңтайлы шешкен билікке алғысы шексіз.
«Былтыр су тасқыны болды, толассыз жаңбыр жауып, үй суға толып кетті. Әкімшілік үйімізді көріп, жағдайымызбен танысты. Құлап қалған үйіміздің орнына жаңа үй салып берді. Қазір жағдайымыз жақсы», – деді ауыл тұрғыны.
Сел салдарымен күреске 300-ден астам азаматтан құрылған жұмысшы топ тынымсыз жұмыс істеді. Нөсерден келген қауіппен күрес бірнеше тәулікке жалғасты. Нөсер жауынның салдарынан су тасқыны кезінде үйлер мен жолдарды су басып, Жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі «Қасқасу» өзені бойында орналасқан 4 көпірді де су шайып кеткен еді. Тұрғындардың ауыл арасында қатынаулары үшін өткелдер екі тәуліктің ішінде толығымен қайта қалпына келтірілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі