ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасында дәрігерлер алғаш рет инсульт алған 14 жастағы қыз баласына ашық ота жасап, ажалдан арашалап қалды. Операция жасалған жеткіншектің бас ми қан тамырлары жарылып, салдарынан миына қан құйылған.
2021 жылы 23 сәуір күні қалалық клиникалық балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен 14 жастағы қыз баласы жеткізілген. Дәрігерлер компьютерлік томография жасап, қан тамырларының жарылуына байланысты миға қан құйылғанын анықтапты. Жарылған тамырлар тереңде жатқандықтан, нейрохирургтар шұғыл түрде жасөспірімнің бас сүйегіне ашық түрде ота жасаған.
– Ауыр халде түскен баланы тексеріп, диагнозын дер кезінде анықтай алдық. Сосын жедел түрде ота жасап, бас миының трепанациясы жасалды, мидағы гематома, яғни, ұйыған қанды алып тастадық. Ота жасалған жасөспірім екі күн жансақтау бөлімінде жатып, бөлімшеге ауыстырылды, – дейді балалар ауруханасы бас дәрігерінің хирургия ісі бойынша орынбасары Сарыбай Сұлтан
Дәрігерлердің сөзінше, жасөспірімнің бас сүйегіне ашық түрде жасалған ота сәтті өткен. Науқастың қазір жағдайы жақсы. Медицина мамандары оны апта соңында ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі