ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА КӨП ФУНКЦИОНАЛДЫ «CO-WORKING» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
Бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебеков арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Спикерлердің қатарында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Үміт Рахымжанқызы да болды.
Жастар жылына қатысты түркістандық жастардың биылғы жаңалығы қандай болмақ деген тақырып аясында сөз бастаған орталық басшысы таяу күндері облыс орталығы – Түркістан шаһарында елімізде алғаш рет, басқа өңірлерде кездеспейтін көп функционалды үлкен жастар орталығы ашылатынын жеткізді.
«Бұл орталық нені қамтиды? Бүгінгі Елбасымыз айтқан тапсырмаларды, оның ішінде, жастарды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларға бағыттау, яғни оларды оқытып, үйрету сынды қызметтерді өз міндетіне алатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жиында жастардың мамандық таңдау мәселелерін де айтып өтті. Ол бойынша аталған орталықта жастардың барлығына заманауи үлгіде жабдықталған, тегін вай-фай, ғаламтор сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілген «Сo-working» орталығы, яғни арнайы жұмыс алаңы қызмет ететін болады. Бұл дегеніміз, кез келген жас азамат осы Түркістан қаласында өз ісін ашып, кәсіпкер болса, ол бір жерден кеңсені ашу үшін қаншама ақшаға кеңсе жалдап, шығындалады. Ал біздің оған мемлекет тарапынан көмегіміз тегін жұмыс орнын береміз. Яғни, кәсібінің аяққа тұрып, дамып кетуіне атсалысатын боламыз. Айта кету керек, ол үшін бізде барлық жағдай бар. Биыл облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-на 3 қабатты 1500,0 шаршы метрлік ғимарат беріліп, жастар үшін барлық жағдай жасалды. Орталық жанында IT park, «Сo-working» орталығы, «Жастарды кәсіпкерлікке бейімдеу» бөлімі және «Саяхатшылар ассоциациясы» еріктілер тобының бөлімі жұмыс жасайды», – деді Б.Дүйсебеков.
БАҚ өкілдерімен кездесуде орталық жетекшісі Түркістан қаласындағы жастардың шет тілін жетік меңгеруі үшін аталған көп функционалды орталықта шет тілдер мектебі тегін жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Онда бірінші кезекте, ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдері үйретіліп, бұл өз кезегінде шаһардың туристік әлеуетін одан әрі арттыруға септігін тигізетінін жеткізді.
Ел Президентінің бүгінгі жастармен басқосуында оларды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларды ойлап табуға бағыттау арқылы коммерцияландыруға бейімдеу қажеттігін баяндаған Б.Дүйсебеков бұл ретте де түркістандық әкімдік мамандарының тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын, дарынды жастарды ауылды жерлерден іздестіріп, оларға жағдай жасау мәселесі ойластырылып жатқанын жеткізді.
Мұнан бөлек, баспасөз отырысында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Үміт Рахымжанқызы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі жастармен басқосуы еліміздің келешегі – жастарымызға рух беріп, олардың Отанымызды көркейтіп, дамытуына одан әрі күш беретініне сенімі мол екендерін айтты. Сондай-ақ, Елбасының бүгінгі тапсырмаларын орындауды әрбір жас өз міндетіндей көріп, барша замандастарын аянбай еңбек етуге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі