Жауапсыз компания сапасыз тауар өткізген
Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз деп танылған компанияның барлығы нанын адалдап табады деп айта алмайсыз. Оның да сұрауы бар екендігін естен шығаратындары өкінішті.
Басқа салалардан көрі медицина саласына қажетті құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді сатып алуда конкурс өткізудің өзгеше тәсілін таңдау қажет секілді. Олай деп айтпасқа амал кем. Өйткені соңғы әлетте ісіне жауапсыз қарайтын кәсіпкерлер көбейіп бара жатыр.
Адамның өмірі, денсаулығына қатысты дүниені жауапкершіліктен жұрдай жандарға тапсырудың өзі қаншалықты қауіпті екендігі дәлелденіп те отыр.
Жуырда Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына«Қалалық кардиологиялық орталық» МҚК-і талап арыз түсірді. Қойып отырған талаптары да орынды. Бұл қадамға медицина мекемесі амалсыз барғаны анық. Өйткені әкелінген тауарлар сапалы болса айтар әңгіме болмас еді.
Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз деп танылған «Мерусар и К» ЖШС-і сапасыз тауар әкелген. Медициналық мекеменің басшылығы сотқа талап арыз беріп, онда компанияны сапасыз тауар жеткізгендігі үшін айыптаған. Ондай тауарлардың арасында жедел шунттау жиынтығы, R35 кескіндеріне арналған мөлдір қорғаныш жабыны да бар. Сол себептен кардиологиялық орталық аталған компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, тұрақсыздық төлемін өндіру туралы талап қойған.
Екі тарап арасында түзілетін келісімшартта тауардың қандай болмағы, сапасы, сипаттамасы бәрі де тайға таңба басқандай көрсетіледі. Алайда жеткізуші компания арзан өнім сатып алып, адам тағдырымен ойнамақты місе тұтқан сықылды.
Тараптар арасында түзілген келісімшарт бойынша жеткізуші тауарлар жиынтығын әр түрлі мерзімдерде жеткізуге міндеттелген. Бірінші тауар топтамасын жеткізген соң, тауар техникалық сипаттамасына сай болмай шыққаны анықталып, тапсырыс беруші тауарды қабылдамаған.
Жеткізуші кемшіліктерді мойындап, тауарды ауыстыруға уәде берген, алайда тауарды ауыстырмаған. 2 апта өткеннен кейін талапкер тауарлардың басқа жиынтығын жеткізуге қосымша сұраным жасаған. 2 апта өткеннен кейін тауарды жеткізгенде тағы да кемшіліктер табылған. Жеткізуші талап қоюшының наразылығын теріске шығармаған. Сонымен қатар, жеткізуші тауардың сапасын куәландыратын құжаттарды мүлде ұсынбаған.
Жауапкер іс бойынша мән-жайларды теріске шығаратын және келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін тиісінше орындағанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбағандықтан, шарттың талаптарын елеулі түрде бұзған болып табылады.
Сот шешіміне сәйкес, «Мерусар и К» ЖШС-ы мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, тұрақсыздық төлемі мен мемлекеттік баж салығы өндірілді.