БОКСТАН БЕЛГІЛІ БАПКЕР ƏБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
БОКСТАН БЕЛГІЛІ БАПКЕР ƏБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Кезінде бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған, республикамызда бокс спортының дамуына өзіндік үлесін қосқан жерлесіміз Əбдісалан Нұрмахановтың өнегелі өнерін жалғастырып келе жатқан талантты боксшылар көп. Шаршы алаңға шығып, ел намысын қорғап жатқан қазақстандық боксшылар жүлделі орындардан басты үміті. Білікті бапкер болған Əбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпəш Шəймерденова бұл халықаралық турнирге Алматыдан арнайы келді.
Халықаралық жарысты жоғары деңгейде Түркістан облысы əкімдігі мен облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы, сонымен қатар №5-ші олимпиадалық спорт мектебінің ұжымы ұйымдастырды. Жарыстың салтанатты ашылу рəсімінде Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев сөз сөйлеп, былғары қолғап шеберлеріне сəттілік тіледі. Турнирге еліміздің мақтанышы, бокстан Сидней олиипиадасының күміс жүлдегері Мұқтархан Ділдəбеков те арнайы қатысты. Ал, облыстық №5-бокс мектебінің директоры Сейітжан Жанысбаев дəстүрлі бокс додасының халықаралық деңгейде жыл сайын ауқымы кеңейіп жатқанын айтты. Халықаралық додада түркістандық саңлақтар да өздерінің мықтылықтарын көрсетуді басты мақсаттары санайды.
Жекпе-жекте тек мықтылар жеңіске жетеді. Бұл турнирде еліміздің боксшылары тамаша өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етпек. Естеріңізге сала кетеміз турнир жеңімпаздары 19 сәуір күні белгілі болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі