Жеке инвестициялар есебінен 15 ірі көпбейінді облыстық аурухана салынады — Е. Біртанов
ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифингте ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласында іске асырылған инвестициялық жобалар туралы айтып берді.
Е. Біртанов атап өткендей, соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына инвестициялардың, салымдар мен капиталды шығындардың тұрақты өсімі байқалады. Денсаулық сақтау саласына салынған қаражаттың 50%-ы – мемлекеттік емес инвестициялар.
«Қазір бізде республикалық бюджет есебінен, жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестициялар есебінен қандай жобалар салынатыны туралы нақты жоспар бар екенін атап өткім келеді. Жергілікті бюджет бойынша негізінен шағын нысандар – ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады. Аудандық, қалалық ауруханалар мен емханалар сияқты ірі нысандар республикалық бюджет есебінен салынады», — деді министр.
Сонымен қатар, ол бүгінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы айтып берді. Биыл Қарағанды қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасын, Өскемен қаласындағы облыстық балалар ауруханасын, сондай-ақ, Ақтөбедегі перинаталды орталықты пайдалануға беруді аяқтау жоспарлануда.
Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда. Басты ғимарат құрылысының бірінші кезеңі келесі жылдың соңында аяқталады деп көзделген.
Сонымен бірге Елжан Біртанов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасын орындау аясында шамамен 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланғанын айтты. Біріншіден, бұл – 100% тозуы бар орталық, аудандық ауруханалар мен емханалар. 15 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
«Яғни, тозған нысандар, өкінішке орай, бізде ондай нысандар көп, олар мемлекет есебінен салынады. Жеке инвестицияларға келетін болсақ, бірінші кезекте бұл 15 ірі көпбейінді облыстық ауруханалар, бұл өте үлкен, аса қымбат жобалар. Ескі ауруханаларды ауыстыру үшін оларды салу қажет болғандықтан, біз технологиялар, заманауи құрылыстар мен жабдықтардың болуы үшін халықаралық компанияларды тартамыз», — деді Е. Біртанов.
Министр екі жоба іске қосылу сатысында екенін хабарлады. Бірінші жоба — Петропавл қаласында көпбейінді аурухана салу, жеті ескірген аурухананың орнына бір аурухана салынып жатыр. Екінші жоба — Түркістан қаласындағы көпсалалы аурухананың құрылысы. Осы нысандар бойынша жеке инвестормен меморандумдарға қол қойылды. Оларды жүзеге асыру келесі жылы басталады.
Сонымен қатар, Е. Біртанов медициналық жабдықтарды сатып алу желісі бойынша жеке инвестициялар белсенді түрде тартылатындығын атап өтті. Мәселен, Алматыда Онкология және радиология институты базасында жеке түрік инвесторлары қатерлі ісік аурулары диагнозын дәл және егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік беретін Позитронды-эмиссиялық томография орталығын ашты. Мұнда қызметтер ақысыз көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, бұл МЖӘ қағидасының мәні: жеке меншікті инвестиция салады, мемлекет қызмет үшін төлейді. Осылайша, инвестициядан қайтарым жасалады.
Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында Томотерапия орталығы ашылды, онда шамамен 2,5 млрд теңгеге жеке инвестициялар салынды. Орталықтағы барлық қызметтер бюджет қаражаты есебінен ақысыз көрсетіледі.
Қарағанды облысының әкімдігі Қарағанды облысының базасында Позитронды-эмиссиялық томография орталығы мен Сәулелі терапия орталығы бойынша МЖӘ жобаларын пысықтауда.
Биыл, сондай-ақ, Қызылорда облысында америкалық Metronic компаниясымен бірге ангиографиялық қондырғылар бойынша екі жоба іске қосылады.
«Қаржыландыру көлемін көбейтіп, көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейткен кезде, біз өтем көлемін арттырамыз. Сонымен қатар, жеке инвесторлардың қызығушылығы артуда. Шын мәнінде, оңалту секторы жеке секторға толығымен кіреді. Яғни, біз енді құрылысқа қаражат жұмсамаймыз, қызметтерге жұмсаймыз. Біз 2026 жылға дейін денсаулық сақтау саласына 1,5 трлн теңге инвестиция тартуды болжап отырмыз. Оның 60% – жеке инвестордан», — деп қорытындылады денсаулық сақтау министрі.