ШЫМКЕНТТЕ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» КӨШЕСІ АШЫЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» КӨШЕСІ АШЫЛДЫ
Шымкент қаласында енді «Егемен Қазақстан» көшесі бар. Бүгін Қаратау ауданы, Бозарық саяжайында «Егемен Қазақстан» көшесі атауын беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-журналист, Мархабат Байғұт, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласында «Егемен Қазақстан» атты көше ашылған болатын. Жүз жылдан астам тарихы бар республикалық басылымның атына үшінші мегаполисте көше атауы беріліп отыр. Ұлт руханиятын ұлықтаған шымкенттіктердің бұл бастамасы «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі десек болады.
Жазушы-журналист Мархабат Байғұт
көше атауын беруге арналған салтанатты жиынды ашып, құттықтау сөз сөйледі. Қаламгер жүз жылдан астам тарихы бар, еліміздің бас басылымының құрметіне көше атауы берілуі ұлт руханиятында маңызы зор іс-шара екеніне тоқталды.
Шымкент қаласы мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен қаулысымен 2021 жылдың 18 наурыз күні қаланың атауы жоқ 325 көшесіне қазақтың белгілі Оңтүстіктегі елді-мекендердің атаулары, жер-су атаулары, роман, эпос, халық әндері және танымал баспалардың атаулары берілді. Қаратау ауданы Бозарық саяжайындағы 65 көше «Ана тілі», «Жас алаш», «Абай жолы», «Қамар сұлу», «Балхадиша», «Ақбілек» және тағы басқа атаулармен аталады.
Сонымен қатар, мәслихат депутаты Н.Бұхарбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі де іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі