Депутаттар екі күндеп жарықсыз қалатын өңірлердің проблемасына назар аударды
Депутаттар екі күндеп жарықсыз қалатын өңірлердің проблемасына назар аударды
Бүгінгі таңда республика бойынша электр желілерінің 64%-і тозған. Кейбір облыстарда 1970-1980 жылдардағы электр бағанасы қолданылады
Мәжілістің бір топ депутаты республика бойынша тозығы жеткен электр желілерін жаңартуды, иесіз қалған электр желілері мен трансформаторларды мемлекет балансына беруді ұсынды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен Фахриддин Қаратаев премьер-министр Асқар Маминге облыстарда ауа райының қолайсыздығынан жарықтың жиі өшуі мен сапасыз электр қуаты туралы депутаттық сауал жолдады.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда республика бойынша электр желілерінің 64%-і тозған. Кейбір облыстарда 1970-1980 жылдардағы электр бағанасы әлі күнге дейін қолданылады.
Электр желілері ең көп тозған өңірлер: Шығыс Қазақстан – 81%, Батыс Қазақстан – 80%, Қостанай – 74%, Маңғыстау – 72%, Қарағанды – 71%, Алматы – 69%, Жамбыл – 69% және Қызылорда облыстары – 66%.
«2020 жылғы жағдай бойынша республикада иесіз қалған электр желілерінің ұзындығы 225 шақырым, трансформаторлар саны – 98 дана. Одан бөлек, 2021 жылғы мәлімет бойынша тағы да 641 шақырым иесіз электр желілері мен 273 трансформатор қосылған. Аталған кемшіліктердің салдарынан кейбір өңірлерде электр қуаты жиі өшіп, бірқатар қала мен аудандар, ауылдар бір-екі күндеп жарықсыз қалуда», — деді Қаратаев.
Сондай-ақ, кейбір облыстарда электр қуатының таралу сапасыздығы 220 вт-тан 170-180 вт-қа түсіп кетеді. Соның кесірінен электр қуатын тұтынушылардың электр техникалары істен шығып жатыр.
«Өздеріңізге белгілі, пандемияға байланысты оқушылар мен студенттер қашықтықтан оқуға көшті. Ал электр қуаты болмағандықтан, интернет те болмайды, сәйкесінше студенттер мен оқушылардың үлгерімі де нашарлайды. Сонымен қатар, электр қуаты өшіп, қайта қосылған сайын мекеме, ғимараттардан өрт шығу қаупі жоғары болары анық», — деді депутат.
Айтуынша, мұндай жайттарға мемлекет балансына өтпеген трансформаторлар мен электр желілері себеп.
Депутаттар республика бойынша тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, иесіз қалған электр желілері мен трансформаторлардың мемлекет балансына өтуін, тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуді, жеке меншікте болған станция мен электр желілерін ауыстыру жұмыстарын тез арада қолға алуды ұсынды.
https://sputnik.kz/regions/20210210/16253765/deputattar-zharyq-problema.html