ШЫМКЕНТТЕ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҮЛЕСІ АРТАДЫ
ШЫМКЕНТТЕ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҮЛЕСІ АРТАДЫ
Қалада бүгінде тұрмыстық қалдықты сұрыптап, қайта өңдеумен «ГринЛайн» ЖШС-нің қоқыс өңдеу зауыты айналысады. Басқарма басшысының айтуынша былтыр 209,1 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның 52,5 мың тоннасы, яғни 25 % қайта өңделген. Биыл бұл көрсеткішті 27%-ға жеткізу жоспарлануда.
«Мегаполисті абаттандыру мен көркейтудің алдағы бес жылға жоспарына сәйкес, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу жұмыстары барынша қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, қалдықты қайта өңдеу үлесі 2025 жылға дейін 35 пайызды құрайтын болады. Бағыты басым экошара экологияны жақсартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін де аса маңызды іс» — дейді сала басшысы.
Жиын барысында қаланың гидрологиялық жүйесін дамыту мәселесіне де ерекше мән берілді. Алдағы 3 жыл ішінде инвесторлар есебінен бірыңғай гидрологиялық жүйені жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылады. Ағын сулар мен нөсерлі жауын-шашын жиналатын су арналарын реттеу және тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шаһарда бүгінде 27 су арнасы мен 2 су қоймасы бар. Сонымен қатар Қошқар ата, Қарасу, Жаңа шек, Ақсай-Қарабастау мен Тоғыс, Сасық, Ынтымақ өзендері мен арналарын санитарлық тазалау жұмыстары қамтамасыз етіледі.